Өңірде ауыл шаруашылығы мен өңдеу өнеркәсібіне инвестиция тартуға ерекше көңіл бөлінуде. Осы бағыттағы маңызды жобалардың бірі – «АСВС Ойл» ЖШС жүзеге асырып жатқан жоба.
Осыған орай, Ошақты ауылдық округінің аумағында тұт жібек құртын өсіру және өңдеу кәсіпорнының құрылысы жүргізілуде. Жалпы инвестиция көлемі – 1 млрд 780 млн теңге.
Жобаның алғашқы кезеңінде 60 гектар жерге тұт ағашының көшеттері отырғызылып, қажетті инфрақұрылым тартылуда. Сонымен қатар Қытай Халық Республикасындағы серіктестермен тұт көшеттерін жеткізу жөнінде келісімшарт жасалған.
Бұған дейін жобаның тиімділігі мен жергілікті жағдайға бейімділігін анықтау мақсатында Біртілек ауылдық округі аумағында 0,5 гектар жерге тұт ағашының сынамалық көшеттері отырғызылған болатын. Олар климатқа сәтті бейімделіп, алғашқы өнімін берген.
Келесі кезеңде инвесторлар жобаны кеңейтіп, тұт жапырағынан шай өндіруді жоспарлап отыр. Бұл мақсатта шайды өңдеп, қаптайтын заманауи қондырғыларды Қытайдан әкелу көзделуде.
Жобаны іске асыру өңірде агроөнеркәсіптің жаңа бағытын дамытуға жол ашып, жаңа жұмыс орындарын құруға, сондай-ақ Түркістан облысының ауыл шаруашылығын әртараптандыруға өз үлесін қосады.