Азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселесіне арналған брифинг барысында ҚР Ауыл шаруашылығы вице-министрі Ербол Тасжүреков аграрлық секторда тұрақты өсім байқалып отырғанын мәлімдеді. Ағымдағы жылдың 5 айының қорытындысы бойынша ауыл шаруашылығының жалпы өнім көлемі 4%-ға артып, 1,3 трлн теңгені құрады.
2024 жылы Қазақстан 26,7 млн тонна көлемінде рекордтық астық жинады. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 1,5 есе көп. Өсім басқа да ауыл шаруашылығы дақылдары бойынша тіркелді: күріш – +16% (563,1 мың тонна), қарақұмық – +42% (118,1 мың тонна), майлы дақылдар – +46% (3,2 млн тонна), картоп – +40% (2,6 млн тонна).
Мал шаруашылығы саласында да оң динамика байқалады: ірі қара мал – +23,4% (9,6 млн бас), ұсақ мал – +7,8% (26,2 млн бас), жылқы – +12,2% (5 млн бас), құс – +2,2% (47,7 млн бас).
Сойыс салмағындағы ет өндірісі 3%-ға артып, 409,1 мың тоннаны құрады. Құс еті өндірісі 6,2%-ға өсіп, 157,8 мың тоннаға жетті. Сүт өндірісі 1,3 млн тоннаға дейін өсіп, 7,5%-ға ұлғайды. Жұмыртқа өндірісі 200 млн данаға көбейіп, 1,8 млрд дананы құрады.
Елдегі азық-түлік өнімдері өндірісі 5 айда 10,5%-ға артып, 1,4 трлн теңгені құрады. Ең жоғары өсім келесі өнімдер бойынша байқалды: қант (қызылшадан алынатын) – 13,7 есе (64 мың тоннаға дейін), өсімдік майы – +19,1%, сары май – +12,7%, шұжық өнімдері – +11%, ұн – +6,6%.
Жалпы, 2028 жылға дейін ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу үлесін 70%-ға дейін жеткізу және азық-түлік өнімдері өндірісін 4,5 трлн теңгеге дейін арттыру жоспарланып отыр. Негізгі азық-түлік түрлері бойынша өзін-өзі қамтамасыз ету деңгейі 80–100% шамасында.
Импортқа тәуелділікті төмендету мақсатында Қазақстанда жалпы құны 3,3 трлн теңге болатын 670-тен астам инвестициялық жоба іске асырылуда, оның ішінде 197 жоба импортты алмастыруға бағытталған. Бұл жобалардың жалпы құны – 915 млрд теңге.
Қант саласын дамытуға ерекше көңіл бөлінуде. 2024 жылы қант қызылшасын қайта өңдеу көлемі 1,2 млн тоннаға жетіп, бұл көрсеткіш қызылша қанты өндірісін 62%-ға арттыруға мүмкіндік берді.
Қазіргі кәсіпорындарды жаңғырту жұмыстары жүргізілуде:
• «Тараз қант зауыты» ЖШС – 60 мың тонна, инвестиция көлемі – 10,6 млрд теңге;
• «Көксу қант зауыты» ЖШС – 105 мың тонна, инвестиция көлемі – 29 млрд теңге.
Алматы облысында қуаттылығы 500 мың тонна болатын жаңа зауыт салу жөнінде «Qazaq Arab Sugar» инвесторымен келісімге қол қойылды. Жобаға салынатын инвестиция көлемі – 307 млрд теңге. Сонымен қатар Жамбыл облысында қуаттылығы 130 мың тонна болатын қытайлық инвестордың жобасы қаралуда. Оның инвестициялық көлемі – 51 млрд теңге.
Азық-түлік қауіпсіздігі – мемлекеттік аграрлық саясаттың стратегиялық басымдығы болып қала береді.
Ауыл шаруашылығы министрлігі өндірісті ұлғайту, өңдеуді дамыту, импортқа тәуелділікті азайту және елдің азық-түлік егемендігін қамтамасыз ету бойынша жүйелі шараларды іске асыруды жалғастырады.