Алматы облысында өткен Дала күні аясында көміртекті және органикалық егіншілікті дамыту мәселелері талқыланды

Алматы облысында өткен Дала күні аясында көміртекті және органикалық егіншілікті дамыту мәселелері талқыланды

Дала күні ҚР Ауыл шаруашылығы вице-министрі Азат Сұлтановтың қатысуымен ұйымдастырды. Іс-шара Қазақ егіншілік және өсімдік шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының базасында өтіп, билік, ғылым, аграрлық сектор мен халықаралық ұйымдар өкілдерінің ашық диалог алаңына айналды.

Бас тақырып ретінде органикалық және көміртекті егіншілікті дамыту мәселелері қарастырылды. Бұл — тұрақты ауыл шаруашылығының негізі әрі 2060 жылға қарай көміртек бейтараптығына қол жеткізудің маңызды тетігі. Шара барысында ғылыми тәсілдер, цифрлық шешімдер, тозған жерлерді қалпына келтіру жобалары мен экологиялық агротехнологияларды енгізу тәжірибелері ұсынылды.

Қатысушылар алқаптардағы инновациялық тәсілдермен танысып, агросектордың климаттық өзгерістерге бейімделуі және фермерлерді «жасыл» бастамаларға ынталандыру мәселелерін талқылады.

Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Ұлттық ғылым академиясының президенті Ақылбек Күрішбаевтың айтуынша, Қазақстанда көміртекті сіңірудің зор әлеуеті бар. Бұл – тозған жерлерді қалпына келтіру, топырақ құнарлылығын арттыру және заманауи агротехнологияларды енгізу арқылы мүмкін.

Алматы облысында аграрлық саясатта ғылыми және технологиялық тәсілдер қолданысқа енгізілуде.

Ауыл шаруашылығы вице-министрі Азат Сұлтанов көміртекті тәсілдерді енгізудің маңыздылығын ерекше атап өтті.

«Егер дұрыс тәсілдер қолданылса, жер тек өнім беріп қана қоймай, көміртекті жобалар арқылы қосымша табыс әкеле алады. Біздің міндетіміз — аграрийлерге бұл тәжірибеге көшуге көмектесу, процестерді ашық әрі экономикалық тұрғыдан тиімді ету», — деді ол.

Пленарлық бөлім барысында қатысушылар агросектордың көміртек ізі деңгейін төмендету, көміртекті сынақ алаңдарын құру, топырақтағы көміртек қорын цифрлық есепке алу, фермерлерді экологиялық тәжірибелерге ынталандыру және Қазақстанды жаһандық көміртек офсеттері нарығына тарту бойынша нақты іс-шараларды талқылады.

Кездесу қорытындысы бойынша тұрақты егіншілікті дамытуға бағытталған нақты ұсыныстарды қамтитын қарар әзірленді. Бұл құжат ғылым, бизнес және мемлекеттік құрылымдар деңгейінде күш-жігерді үйлестіруге негіз болады.

Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің мәліметінше, еліміздің жыл сайынғы көмірқышқыл газын сіңіру әлеуеті 535 миллион тонна СО₂-ға дейін жетеді. Егер «жасыл» агропрактикалар тиімді жүзеге асырылса, 2050 жылға қарай көміртек офсеттерін сатудан түсетін табыс көлемі жылына 25 миллиард АҚШ долларына дейін жетуі мүмкін.