Жануарларды қорғаудың дүниежүзілік ұйымы (ДЖДҰ) Қазақстан Республикасының жоғары патогенді құс тұмауынан ада ел мәртебесіне ие екендігі жөніндегі өзіндік декларациясын ресми түрде мақұлдады. Бұл маңызды мойындау – Қазақстанның ветеринариялық қызметінің эпизоотиялық қолайлылық пен биологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге бағытталған жүйелі және ғылыми негізделген жұмысының нәтижесі.
Халықаралық талаптарға сәйкес, Ауыл шаруашылығы министрлігі эпидемиологиялық мониторинг, алдын алу шаралары, құс денсаулығына жүргізілген бақылау мен Қазақстан аумағында жоғары патогенді құс тұмауының ошағы болмағаны туралы мәліметтерді қамтитын толық құжаттаманы ДЖДҰ-на жолдады.
ДЖДҰ тарапынан берілген бұл мойындау еліміздегі ветеринариялық бақылаудың жоғары деңгейде жүргізіліп отырғанын растайды және отандық құс шаруашылығы өнімдерінің экспорттық әлеуетін арттыруға, әсіресе ветеринариялық талаптары қатаң елдер нарығына шығуға қосымша мүмкіндік береді.
ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің Ветеринариялық бақылау және қадағалау комитеті эпизоотиялық мәртебелерді сақтау және кеңейту бойынша мақсатты жұмыстарын жалғастырып, биологиялық қауіпсіздік пен ветеринариялық қадағалау саласында жоғары стандарттарды қамтамасыз ете бермек.