Іс-шара агроөнеркәсіп кешенін мемлекеттік қолдау тетіктері туралы қоғамды ақпараттандыру, сондай-ақ Қазақстан агросекторының инвестициялық және экспорттық әлеуетін ілгерілету бойынша жүйелі жұмыстың бір бөлігі болды.
Баспасөз турына ҚР Ауыл шаруашылығы вице-министрі Азат Сұлтанов пен жетекші республикалық бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты. Журналистер өңірдің үш ірі кәсіпорны — «Fruit Art», «Shin-Line» және «Amal Bio» базасындағы агроиндустрияландырудың табысты үлгілерімен танысты.
Алғашқы нысан – Іле ауданындағы «Fruit Art» агроөнеркәсіп кешені. Бұл — ел аумағында алғаш рет көкжидекті өнеркәсіптік негізде, әлемдік озық тәжірибелерге сай ауқымда өсіруді жүзеге асырған бірегей жоба.
Мұнда 55 гектар алқапқа 240 мыңға жуық жерге отырғызылған. Көкжидек алқаптары тамшылатып суару, үсікке қарсы қорғаныс және топырақтың қышқылдығын бақылау жүйелерімен жабдықталған. Кәсіпорын бейімделген сұрыптар мен агротехнологияларды қолдана отырып, жоғары өнімділік пен тұрақты экспорт әлеуетін қамтамасыз етіп отыр. Өндірістің шарықтау шегі 2027–2028 жылдарға жоспарланған.
Сондай-ақ компания құлпынай, алма өсірумен және неміс технологиясы бойынша сублимацияланған жидектерді өндірумен айналысады. 15 мың тонна өнімге арналған қойма мен жыл бойы жұмыс істейтін жылыжай кешені ішкі және сыртқы нарықтарға үздіксіз жеткізуді қамтамасыз етеді.
Келесі нысан – Орталық Азиядағы ең ірі балмұздақ өндіруші кәсіпорын – «Shin-Line» ЖШС. Кәсіпорынның жылдық өндіріс көлемі 63 мың тоннадан асады. Компанияның Қазақстан нарығындағы үлесі – 35%, Қырғызстанда – 41%. Бұл тұрақты көшбасшылық пен өршіл экспорт саясатының айғағы.
Баспасөз туры қатысушыларының ерекше қызығушылығын тудырған жаңа экспорттық желі — дубайлық шоколадпен, қуырылған кадаифпен және фисташкалы пастамен жасалған премиум балмұздақ болды. Көпқабатты пинта форматында ұсынылған бұл өнім ТМД кеңістігінде баламасы жоқ жаңа буын десерті ретінде танылуда.
Маршруттың соңғы нүктесі — Еңбекшіқазақ ауданындағы «Amal Bio» кәсіпорны. Компания 2012 жылдан бері экологиялық талаптарға және сапаға ерекше көңіл бөле отырып, алма, жидек және тікелей сығымдалған шырын өндірумен тұрақты түрде айналысып келеді.
220 гектар жерде 14 түрлі сұрыптан тұратын 500 мыңнан астам алма ағашы өсірілуде. Шырын өндірісінің қуаттылығы – жылына 900 мың литр. Қазіргі заманғы 6000 тоннаға арналған қойма бақыланатын газ ортасымен жабдықталған, бұл өнім сапасын ұзақ мерзім сақтауға мүмкіндік береді.
Компания өз өнімін белсенді түрде экспорттап, тұрақты жұмыс орындарын құрып отыр. Бұл ауылдық аумақтардың әлеуметтік-экономикалық дамуына айтарлықтай үлес қосуда.
«Алматы облысы – Қазақстанның заманауи агроөнеркәсіптік кешені қалай дамып жатқанын айқын көрсететін өңір. Мұнда жаңа технологиялар енгізіліп, қайта өңдеу дамып, экспорт көлемі артып келеді. Мұның бәрі ауылда жұмыс орындарының ашылуына, халықтың әл-ауқатының артуына және агросекторымыздың бәсекеге қабілеттілігінің артуына ықпал етеді. «Fruit Art», «Shin-Line» және «Amal Bio» кәсіпорындары – тиімді, инновациялық және болашаққа бағдарланған агробизнестің жарқын үлгісі. Министрлік мұндай жобаларды қолдауды жалғастырып, инвестициялар мен ауылдық аумақтардың орнықты дамуына жағдай жасайды», — деді ҚР Ауыл шаруашылығы вице-министрі Азат Сұлтанов.