Өмірін ауыл шаруашылығына арнаған ардагер

Өмірін ауыл шаруашылығына арнаған ардагер

Елеусізов Еласхан Әбдірахманұлы — тағдыры аграрлық саламен тығыз байланысты жан. Ол ауыл шаруашылығы саласында жарты ғасырға жуық уақыт жанқиярлықпен және жауапкершілікпен еңбек етіп, мал шаруашылығы мен өңірдің аграрлық саясатының дамуына қомақты үлес қосты.

Еңбек жолын Еласхан Әбдірахманұлы 1975 жылы Ақтөбе облысы Комсомол ауданындағы шаруашылықтардың бірінде бастаған.

Жұмыс барысында ол зоотехниктен бастап облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының жетекші маманына дейінгі жолдан өтті. Өз ісінің кәсіби маманы болуымен қатар, ұжымды ұйыстыра білетін ұйымдастырушы ретінде де танылды. 18 жыл бойы кәсіподақ комитетін басқара жүріп, бір мезгілде агроном және заңгер болып та еңбек етті.

2016 жылы зейнетке шықса да, сүйікті ісін тастаған жоқ. Қазіргі таңда бонитер-классификатор ретінде жұмысын жалғастырып, жас мамандармен өз білімін және мол тәжірибесін бөлісіп келеді.

Еласхан Әбдірахманұлының еңбегі жоғары бағаланып, бірқатар марапаттармен атап өтілді. Атап айтқанда, ауыл шаруашылығы ардагерлері кеңесінің «Құрметті ардагер» төсбелгісімен, ауыл шаруашылығы қызметкерлерінің салалық кәсіподағының «Айрықша еңбегі үшін» медалімен марапатталған.

Еласхан Әбдірахманұлының еңбек жолы — мамандыққа адалдықтың, табандылықтың және туған жерге деген шынайы сүйіспеншіліктің айғағы. Оның өмір жолы — жас мамандар үшін тағылым мектебі, ал шынайы еңбектің бағасын білетіндер үшін зор құрметке лайық үлгі.