С. Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университетінде мал шаруашылығы саласына мамандар даярлау мәселелеріне арналған дөңгелек үстел өтті. Шараға Ауыл шаруашылығы министрлігі, Оқу-ағарту министрлігі, агробизнес өкілдері, колледждер, салалық қауымдастықтар мен еліміздің жоғары оқу орындарының өкілдері қатысты.
Талқылау барысында қатысушылар мал шаруашылығы саласында білікті кадрлар тапшылығы бар екенін және қазіргі аграрлық саланың талаптарына сай білім беру бағдарламаларын жаңғырту қажеттігін атап өтті. Мамандардың сұранысқа ие болуы үшін тәжірибеге негізделген оқыту тәсілін күшейтудің маңыздылығы баса айтылды.
Дуальды оқытуды дамыту, оқу орындарының практикалық базасын кеңейту, мал шаруашылығындағы кәсіптердің беделін арттыру және жастардың аграрлық мамандықтарға тұрақты қызығушылығын қалыптастыру мәселелеріне ерекше назар аударылды.
Сондай-ақ аграрлық ғылымға инвестиция тарту шаралары мен оның нәтижелерін өндірістік процестерге енгізу тетіктері талқыланды. Агробизнес өкілдері кадрлық әлеуетті нақты салалық сұранысқа сай қалыптастыру үшін оқу орындарымен тығыз ынтымақтастықтың маңызын атап өтті.
Іс-шара қорытындысы бойынша агроөнеркәсіптік кешен үшін бәсекеге қабілетті мамандар даярлау мақсатында мемлекет, бизнес және білім беру жүйесі арасындағы ынтымақтастықтың басым бағыттары келісілді.