Жұмыс сапары аясында Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров Шалқар, Ырғыз, Мәртөк және басқа да аудандардың шаруаларымен кездесті.
Министр ведомствоның қазіргі кездегі қызметінің нәтижелері мен елдің агроөнеркәсіптік кешенінің болашағы туралы егжей-тегжейлі айтып берді. Кездесу барысында қатысушылардың назары мемлекеттік қолдаудың қолжетімді шараларына аударылды. Атап айтқанда, жем-шөп пен жанар-жағармай шығындарын субсидиялау, 5%-бен жеңілдетілген несие беру, жеңілдетілген лизинг бағдарламасы, сондай-ақ ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеушілерге көрсетілетін қолдау жөнінде ақпарат берілді.
Шаруалар өзекті мәселелердің кең ауқымын көтерді. Атап айтқанда, олар тұқымдық және селекциялық жұмыстарды субсидиялау, етті мал шаруашылығын дамыту, бордақылау алаңдарын салу, лиманды суаруды енгізу және АӨК өнімдерін қайта өңдеуге мемлекеттік қолдау көрсету мәселелеріне қызығушылық танытты.
Ауыл шаруашылығында білікті кадрлардың жетіспеушілігі мәселесі жеке талқыланды.
Айдарбек Сапаров барлық қойылған сұрақтарға түсініктеме беріп, шаруалар айтқан ұсыныстар мен бастамалар мемлекеттік аграрлық саясаттың жаңа тәсілдерін қалыптастыру кезінде мұқият қаралатынын және ескерілетінін атап өтті.
«Агросектордың тұрақты дамуы шаруалармен кері байланыс пен ауыл шаруашылығы өндірушілерінің белсенді қатысуынсыз мүмкін емес. Мемлекеттік қолдау тиімді ғана емес, қолжетімді әрі түсінікті болуы қажет. Сіздер өз қажеттіліктеріңіз бен мәселелеріңізді жақсы білесіздер, сондықтан шешім қабылдау үдерісіне қатысуларыңыз – тиімді аграрлық саясат қалыптастырудың басты шарты», — деді министр.
Кездесу соңында Айдарбек Сапаров өңірлік әкімдіктерге, әсіресе шалғай аудандарда, ауыл шаруашылығы өндірушілері арасында ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын күшейтуді тапсырды. Бұл мемлекеттік қолдаудың барлық қолжетімді құралдарын тиімді пайдалану үшін қажет.