
Парижде өтіп жатқан ДЖДСҰ-ның 92-ші Бас ассамблеясы аясында ҚР Ауыл шаруашылығы вице-министрі Аманғали Бердалин мен Иран Ислам Республикасының Ауыл шаруашылығы жихады вице-министрі, Ветеринария ұйымының басшысы Алиреза Рафипур арасында жұмыс кездесуі өтті.
Кездесу барысында тараптар ветеринарлық бақылау саласындағы екіжақты ынтымақтастықтың қазіргі жағдайы мен болашағын, сондай-ақ жануарлар тектес өнімдер экспортына қатысты мәселелерді талқылады.
Қазақстан тарапы 2025 жылғы қаңтарда онлайн форматта өткен тиімді диалог үшін ризашылығын білдірді. Осы кездесудің нәтижесінде ирандық тарап қазақстандық сиыр және қой етін тасымалдаудың рұқсат етілген мерзімін ұзарту туралы шешім қабылдады: салқындатылған өнім үшін – 6 тәулікке дейін, мұздатылған өнім үшін – 10 тәулікке дейін.
Кездесу барысында Қазақстан Үкіметі отандық фермерлер мен өңдеушілер мүддесіне орай қабылдаған шараларға ерекше назар аударылды. Атап айтқанда, тері мен жүн экспортына салынатын баж салығы алынып тасталды, бұл сыртқы жеткізілім көлемінің артуына ықпал етті.
Сонымен қатар, вице-министр ірі қара мал терісі мен қой жүнін экспорттауға арналған ветеринариялық сертификаттарды келісу мен қол қоюдың маңыздылығын атап өтті. Бұл жаңа экспорттық арнаның ашылуына және қазақстандық кәсіпорындардың Иран нарығына қосымша өнім түрлерімен шығуына мүмкіндік берді.
Аталған кездесу Қазақстан мен Иран арасындағы жануарлар тектес өнімдердің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге және екі елдің экспорттық әлеуетін кеңейтуге бағытталған сауда-экономикалық және ветеринарлық ынтымақтастықты нығайтудың келесі қадамы болды.