Бүгін Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде Ауыл шаруашылығы вице-министрі Ермек Кенжеханұлының қатысуымен баспасөз конференциясы өтті. Іс-шара барысында спикер агроөнеркәсіптік кешенге инвестиция тарту және ірі жобаларды іске асыру жөніндегі шаралар туралы баяндады.
Вице-министрдің айтуынша, Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес Ауыл шаруашылығы министрлігі әкімдіктермен бірлесіп АӨК-не инвестиция тарту бойынша белсенді жұмыс жүргізуде. 2025 жылдың төрт айында негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі 213 млрд теңгені құрап, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 18%-ға өсті (180,6 млрд теңге). Атап айтқанда: ауыл және балық шаруашылығына – 164,2 млрд теңге (өсім 15%); тамақ өнімдерін өңдеуге – 48,7 млрд теңге (өсім 29%).
Министрлік өңірлермен бірлесіп 2025–2027 жылдарға арналған АӨК инвестициялық жобаларының Жол картасын әзірледі. Жалпы құны 3,3 трлн теңге болатын 677 жобаны іске асыру жоспарланған, оның ішінде: 2025 жылы – 282 жоба (611,2 млрд теңге); 2026 жылы – 267 жоба (1,1 трлн теңге); 2027 жылы – 128 жоба (1,5 трлн теңге).
Инвестицияның негізгі бағыттары – қайта өңдеу (1,478 трлн теңге), суару жобалары (216 млрд теңге) және мал шаруашылығы (194,6 млрд теңге).
Сонымен қатар, вице-министр Солтүстік Қазақстан облысының тәжірибесін тарату бағдарламасы аясында 2,5% жеңілдікпен қаржыландыру арқылы 2023 жылы 100 млрд теңгеге 69 сүт-тауар фермасы, 2024 жылы – 96 жоба қаржыландырылғанын хабарлады. Биыл 200 млрд теңгеге 141 жобаны қаржыландыру жоспарланып отыр, олардың ішінде 71 жобаның жобалық-сметалық құжаттамасы мен сараптамасы дайын.
2025 жылы іске асырылатын ірі жобалар қатарына мыналар кіреді: «КАЗКРАХМАЛ» ЖШС – жүгеріні терең өңдеу зауыты (жылына 150 мың тонна), Түркістан облысы, 35 млрд теңге; «ALTAI MAI» ЖШС – май зауыты (жылына 169 мың тонна), Абай облысы, 26,4 млрд теңге; «Алель Агро» АҚ – құс фабрикасы (жылына 25 мың тонна), Жамбыл облысы, 13,8 млрд теңге; «ATYRAU CHICKEN» ЖШС – бройлерлік құс фабрикасы (жылына 5 мың тонна), Атырау облысы, 9,9 млрд теңге; «KazFeltec» ЖШС – жүн өңдеу зауыты, Ақтөбе облысы, 5 млрд теңге.
Қазіргі уақытта екі ірі инвестициялық келісімге қол қойылды: түркиялық «ALSERA» компаниясымен – Шымкент қаласында жылыжай кешені (650 млн АҚШ доллары); «QazaqArab Sugar» компаниясымен (БАӘ) – Алматы облысында қант зауытының құрылысы (580 млн АҚШ доллары).
Сонымен қатар, Қытай, АҚШ, Венгрия, Түркия, Дания, Польша және Иордания компанияларымен тағы 8 инвестициялық келісім пысықталуда. Атап айтқанда:
Fufeng Group – жүгеріні терең өңдеу зауыты (Жамбыл облысы); PepsiCo – Тұзды тіскебасарлар шығаратын зауыт құрылысы (Алматы облысы); UBM Group – үш құрамажем зауыты және премикс зауыты; Dalian Hesheng Holdings – астық өңдеу зауыты (Ақмола облысы); Tiryaki Holding – астық және бұршақ дақылдары бойынша АӨК (Астана қаласы); Carlsberg Group – алкогольсіз сусындар өндірісі (Алматы облысы); Fabe Agro – заманауи жылыжай кешені (Шымкент қаласы); AL JAZEERA AGRICULTURE COMPANY және «АйтасКЗ» ЖШС – құс фабрикасы (Алматы облысы).
Ұлттық банктің деректеріне сәйкес, 2024 жылы ауыл, орман және балық шаруашылығына тікелей шетелдік инвестициялардың жалпы ағыны 26,1 млн АҚШ долларын құрады.
Ермек Кенжеханұлының айтуынша, инвестиция тарту жұмыстары мемлекеттік органдармен, әкімдіктермен және шетелдік серіктестермен тығыз үйлестікте жалғасатын болады. Бұл еліміздің агроөнеркәсіптік кешенінің тиімді және орнықты дамуы үшін негіз қалайды.