Біртұтас денсаулық (One Health) қағидатын жүзеге асыру аясында БҰҰ Азық-түлік және ауыл шаруашылығы ұйымының қолдауымен Қызылорда қаласында ветеринар мамандарға арналған практикалық тренинг өтті.
Іс-шараның негізгі мақсаты – жануарлардың сібір жарасы, жоғары патогенді құс тұмауы, пастереллёз және бруцеллёз секілді аса қауіпті жұқпалы ауруларын ерте анықтау және оларға ден қою бойынша ветеринариялық қызметтердің дайындығы мен біліктілігін арттыру.
Дәстүрлі дәріс форматтарынан ерекшелігі – оқыту нақты жағдайда, жұмыс істеп тұрған ферма мен сою пунктінде жүргізілді. Бұл тренингті ықтимал індет ошағындағы жағдайға барынша жақындатуға мүмкіндік берді.
Қатысушылар инфекциялық аурулар күдігі туындаған жағдайда әрекет ету алгоритмдерін, тірі және өлі малдан (ірі қара және құс) биоматериалды қауіпсіз алу, оны дұрыс қаптау, таңбалау және зертханаға жіберуге дайындау бойынша негізгі дағдыларды пысықтады. Сонымен қатар, ілеспе құжаттарды рәсімдеу және сынамаларды зертханаға жолдау тәртібі бойынша тәжірибе алды.
Сынамаларды алу мен жеткізудің барлық кезеңдерін сақтау маңыздылығына ерекше назар аударылды. Өйткені бұл үдерістің дұрыс орындалуы зертханалық диагноздың дәлдігіне, соның негізінде эпизоотиялық жағдайға тиімді ден қоюға тікелей әсер етеді.
Тренингке аймақтық ветеринариялық қызмет мамандары белсенді қатысып, бұл шара жануарлар, адамдар және қоршаған орта денсаулығы салалары арасындағы өзара іс-қимылды нығайтуға бағытталған жұмыстың бір бөлігі болды.