Парижде өтіп жатқан Дүниежүзілік жануарлар денсаулығы ұйымының (ДЖДСҰ) 92-ші Бас сессиясы аясында ҚР Ауыл шаруашылығы вице-министрі Аманғали Бердалин Грузияның Ұлттық азық-түлік агенттігі басшысының орынбасары Василий Басиладземен кездесті.
Келіссөздер барысында тараптар ветеринарлық бақылау және мал шаруашылығы өнімдері саудасы саласындағы екіжақты ынтымақтастықтың қазіргі жағдайы мен даму перспективаларын талқылады.
Вице-министр грузин тарапына сындарлы диалог пен Қазақстан бастамаларын тұрақты қолдағаны үшін алғыс білдіріп, мұны ынтымақтастықты тереңдетуге бағытталған маңызды қадам деп атап өтті.
Кездесудің басты нәтижелерінің бірі — Қазақстаннан Грузияға экспортты құқықтық негізде қамтамасыз ететін төрт ветеринарлық сертификат нысанына қол қою болды. Атап айтқанда:
•сойылған және пайдаланылатын ірі қара мал,
•сойылған және пайдаланылатын ұсақ мал,
•тірі шошқалар,
•шошқа еті.
Қазақстан тарапынан құжаттардың жедел келісілгені үшін грузин әріптестеріне алғыс білдіріліп, бұл Қазақстан экспорт географиясын кеңейтудің және екі ел арасындағы сауда-экономикалық байланыстарды нығайтудың маңызды қадамы екені атап өтілді.
Жаңа сертификаттарға қол қойылуы қазақстандық өндірушілер мен фермерлер үшін қосымша мүмкіндіктер ашады, сондай-ақ ветеринарлық қауіпсіздік саласындағы өзара сенімді нығайтып, ынтымақтастықты тереңдетуге ықпал етеді.
2025 жылы ел аумағында шегірткелердің таралу көлемі 2,1 млн гектарға дейін жетуі мүмкін деп болжануда. Қазіргі уақытта 14 өңірде 596,3 мың гектар алқапта өңдеу жұмыстары жүргізілді.
Жұмыстар жоспарға сәйкес, штаттық режимде жүргізілуде. Оларды Ауыл шаруашылығы вице-министрлері, Агроөнеркәсіптік кешендегі мемлекеттік инспекция комитетінің өкілдері, сондай-ақ өңірлерде құрылған жедел штабтар бақылауда ұстап отыр. Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров Жамбыл, Түркістан және Қызылорда облыстарындағы ахуалды жеке бақылауына алған.
Күрес шараларына 443 арнайы бүрку техникасы жұмылдырылып, зерттеу жұмыстарына 4 625 маман тартылған. Қажетті техника мен препараттар жеткілікті.
Сонымен қатар, интернет кеңістігінде және бұқаралық ақпарат құралдарында шегірткелердің жаппай әрі бақылаусыз таралуы туралы шындыққа сәйкес келмейтін хабарламалар мен бейнематериалдар тарап жатыр. Мұндай ақпараттар шынайы жағдайға және зиянкестердің даму сатысына сәйкес келмейді.
Қолданыстағы заңнамаға сәйкес, жалған ақпарат таратқаны үшін жауапкершілік көзделгенін еске саламыз.
Ақпаратты тек ресми дереккөздерден — Ауыл шаруашылығы министрлігі мен облыс әкімдіктерінің ресми ресурстарынан алуға шақырамыз. Тексерілмеген мәліметтерді жариялаудан және әдейі жалған ақпарат тарату әрекеттерінен бас тартуға үндейміз.
Бұл деректер 27 мамырда Премьер-министр орынбасары – ұлттық экономика министрі Серік Жұманғариннің төрағалығымен Үкіметте өткен шегірткеге қарсы күрес жөніндегі республикалық штабта айтылды.
Бұрын айтылғандай, 2025 жылы Қазақстан аумағында 2,1 млн га алаңда үйірлі шегірткенің таралуы болжанып отыр. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 1 млн га-ға аз болғанмен, әсіресе, Қостанай (650 мың га), Ақтөбе (512,9 мың га) және Батыс Қазақстан (134,5 мың га) облыстарында көптеп таралуы мүмкін. Барлық өңірде мониторинг жүргізіліп, қорғаныс шаралары жасалуда.
«27 мамырдағы жағдай бойынша, шегірткенің пайда болу орнын анықтау үшін 4,1 млн га жер зерттелді. Дернәсілдер қоныс тепкен жалпы аумақ 1,1 млн га. Оның ішінде 667,8 мың га алдағы уақытта өңделеді. Жалпы 596,3 мың га өңделді. Жамбыл облысында мароккалық шегірткеге қарсы химиялық өңдеу аяқталып, италиялық прусқа қарсы шара жалғасуда. Түркістан облысындағы жұмыс аяқталып қалды. Өңірде барлығы 370,6 мың га өңделіп, тазалау жұмысы жүргізілуде», — деді ауыл шаруашылығы вице-министрі Ермек Кенжеханұлы.
Үйірлі шегірткеге қарсы химиялық өңдеу Абай (4 мың га), Ақмола (6 мың га), Ақтөбе (51,9 мың га), Алматы (6,3 мың га), Атырау (10,1 мың га), Шығыс Қазақстан (1,4 мың га), Жетісу (21,8 мың га), Батыс Қазақстан (16,2 мың га), Қарағанды (4,5 мың га), Қостанай (40,6 мың га), Ұлытау (1,8 мың га) мен Қызылорда (13,1 мың га) облыстарында да жүргізіліп жатыр. Павлодар мен Солтүстік Қазақстан облысында италиялық прусқа қарсы шаралар өңделетін алаң анықталғаннан кейін басталады.
Еске салсақ, үйірлі шегірткемен күреске республикалық бюджеттен 7,1 млрд теңге бөлінген. Биылғы маусымда 443 мамандандырылған бүрку техникасы, оның ішінде 31 аса жеңіл авиация кемесі, 24 ұшақ пен 49 ҰҰА жұмыс істейді. Барлық өңірде жергілікті жұмысты үйлестіру үшін облыс әкімдерінің орынбасарлары басқаратын жедел штабтар құрылған.
Жалпы республика бойынша 4 625-тей адам тексеру жұмысына кіріскен. Бұл өткен жылмен салыстырғанда екі есе көп. 2024 жылы Ауыл шаруашылығы министрлігі 56 агродрон сатып алған еді. Оның 7-еуі шегірткенің таралу ошағын анықтауға, 49-ы химиялық өңдеуге арналған.
«Осы маусымда зерттеуші дрондар Түркістан облысында шегіртке ошағын өте дәл анықтауда. Бүгінде ол Жамбыл, Ақтөбе, Қостанай, Қызылорда, Батыс Қазақстан мен Ұлытау облыстарында да қолданылып жатыр», — деді Ермек Кенжеханұлы.
Бүріккіш дрондар қазірдің өзінде барлық өңірде көптеп қолданылуда. Оның көмегімен 52,5 мың гектар жерді өңдеу жоспарланып отыр.
Штаб отырысында Серік Жұманғарин зиянкестен қорғану шаралары қызу жүргізіліп жатқан өңірлерді тыңдады. Атап айтқанда, Қызылорда облысында қатты желдің және шегіртке дернәсілінің адам аяғы жетпейтін жерге ұялауының салдарынан химиялық өңдеуге әуе техникасының шамасы жетпеуде. Мөлшерден тыс көп пестицид те қажет. Вице-премьер осындай жағдайда жұмыс істей алатын газ генераторы секілді жерүсті техникасын көптеп жеткізуді тапсырды.
«Әлі де шегіртке табиғи таралу циклінің шыңына жеткен жоқ. Егінге зиян келтірмеу үшін өңірдегі жағдайға орай жедел әрекет етуіміз керек. Туындаған проблемаларды тез шешу үшін республикалық штабтың апта сайынғы отырысын өткізуіміз қажет. Бүгінгі отырыста қабылданған шешім, екі күннің ішінде Қызылорда облысына қажетті дәрі-дәрмек пен қосымша техника жеткізілуі тиіс», — деп қорытындылады Серік Жұманғарин.
ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі «Агроөнеркәсіптік кешен субъектілеріне кредит беру, сондай-ақ ауыл шаруашылығы жануарларын, техникасы мен технологиялық жабдығын сатып алуға лизинг кезінде сыйақы мөлшерлемелерін субсидиялау қағидаларын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары – Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрінің 2018 жылғы 26 қазандағы № 436 бұйрығына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы бұйрық жобасын «Ашық НҚА» ресми интернет-ресурсында орналастырылғаны туралы хабарлайды.
Жоба келесі сілтеме бойынша қол жетімді: https://legalacts.egov.kz/npa/view?id=15531748.
Осыған байланысты, Министрлік аталған жобаны талқылауға қатысуға шақырады, өз ескертулеріңіз бен ұсыныстарыңызды беруді сұраймыз.
ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі «Мемлекеттік кәсіпорындар, акцияларының (жарғылық капиталға қатысу үлестерінің) елу пайызынан астамы мемлекетке тиесілі заңды тұлғалар және олармен үлестес тұлғалар жүзеге асыратын қызмет түрлерінің тізбесін бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2015 жылғы 28 желтоқсандағы № 1095 қаулысына өзгеріс енгізу туралы» қаулы жобасын «Ашық НҚА» ресми интернет-ресурсында орналастырылғаны туралы хабарлайды.
Жоба келесі сілтеме бойынша қол жетімді: https://legalacts.egov.kz/npa/view?id=15531725.
Осыған байланысты, Министрлік аталған жобаны талқылауға қатысуға шақырады, өз ескертулеріңіз бен ұсыныстарыңызды беруді сұраймыз.
ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі «Кәсіпшілік күш-жігер нормативтерін бекіту туралы» бұйрық жобасын «Ашық НҚА» ресми интернет-ресурсында орналастырылғаны туралы хабарлайды.
Жоба келесі сілтеме бойынша қол жетімді: https://legalacts.egov.kz/npa/view?id=15531704
Осыған байланысты, Министрлік аталған жобаны талқылауға қатысуға шақырады, өз ескертулеріңіз бен ұсыныстарыңызды беруді сұраймыз.
ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі «Астық тасымалдауға байланысты шығындардың құнын арзандатуға субсидиялар төлеу қағидаларын және Агроөнеркәсіптік кешен саласындағы ұлттық компанияның астық тасымалдауға байланысты шығыстарын субсидиялау қағидаларын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрінің 2025 жылғы 3 наурыздағы № 67 бұйрығына өзгерістер енгізу туралы бұйрық жобасын «Ашық НҚА» ресми интернет-ресурсында орналастырылғаны туралы хабарлайды.
Жоба келесі сілтеме бойынша қол жетімді: https://legalacts.egov.kz/npa/view?id=15531654
Осыған байланысты, Министрлік аталған жобаны талқылауға қатысуға шақырады, өз ескертулеріңіз бен ұсыныстарыңызды беруді сұраймыз.
Парижде өтіп жатқан ДЖДСҰ-ның 92-ші Бас ассамблеясы аясында ҚР Ауыл шаруашылығы вице-министрі Аманғали Бердалин мен Иран Ислам Республикасының Ауыл шаруашылығы жихады вице-министрі, Ветеринария ұйымының басшысы Алиреза Рафипур арасында жұмыс кездесуі өтті.
Кездесу барысында тараптар ветеринарлық бақылау саласындағы екіжақты ынтымақтастықтың қазіргі жағдайы мен болашағын, сондай-ақ жануарлар тектес өнімдер экспортына қатысты мәселелерді талқылады.
Қазақстан тарапы 2025 жылғы қаңтарда онлайн форматта өткен тиімді диалог үшін ризашылығын білдірді. Осы кездесудің нәтижесінде ирандық тарап қазақстандық сиыр және қой етін тасымалдаудың рұқсат етілген мерзімін ұзарту туралы шешім қабылдады: салқындатылған өнім үшін – 6 тәулікке дейін, мұздатылған өнім үшін – 10 тәулікке дейін.
Кездесу барысында Қазақстан Үкіметі отандық фермерлер мен өңдеушілер мүддесіне орай қабылдаған шараларға ерекше назар аударылды. Атап айтқанда, тері мен жүн экспортына салынатын баж салығы алынып тасталды, бұл сыртқы жеткізілім көлемінің артуына ықпал етті.
Сонымен қатар, вице-министр ірі қара мал терісі мен қой жүнін экспорттауға арналған ветеринариялық сертификаттарды келісу мен қол қоюдың маңыздылығын атап өтті. Бұл жаңа экспорттық арнаның ашылуына және қазақстандық кәсіпорындардың Иран нарығына қосымша өнім түрлерімен шығуына мүмкіндік берді.
Аталған кездесу Қазақстан мен Иран арасындағы жануарлар тектес өнімдердің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге және екі елдің экспорттық әлеуетін кеңейтуге бағытталған сауда-экономикалық және ветеринарлық ынтымақтастықты нығайтудың келесі қадамы болды.
Қарағанды облысында шегірткемен күресу шаралары қабылдануда. 20 мамырдан бастап табын түрлеріне қарсы алқаптарды химиялық өңдеу жүргізіледі, ал 27 мамырда шоғырланып жүретін жәндіктерді жою жұмыстары басталады. Жағдайды бақылау және мониторингілеу үшін жедел штаб жұмыс істейді.
Ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Әнуар Төлебековтың айтуынша, облыста 5,4 млн гектар ауыл шаруашылығы жерлерін зерттеу көзделген.
Ақтоғай ауданының тұрғындары әлеуметтік желілерде зиянкестер қаптап кеткеніне шағымданды. Бұл облыстық штабтың оқиға орнына барып, шегірткемен күрес жұмыстарын бақылауды күшейтуге себеп болды. 21 мамырда ауданда фитосанитариялық диагностика және аумақтық инспекция мамандарының қатысуымен көшпелі кеңес өтті.
«Шаралар қабылданды. Техника дайын, қажетті дәрі-дәрмек қоры бар. Республикалық фитосанитариялық диагностика және болжамдар әдістемелік орталығының облыстық филиалының мамандары ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді көктемгі зерттеу жұмыстарын жүргізуде», – деп хабарлады Әнуар Төлебеков.
Шегірткенің табындық емес түрлері бойынша аумақты өңдеу 27 мамырда басталады. Жұмыстарды авиацияны қолдана отырып, мердігер ұйымдар жүргізетін болады.
83,45 мың гектар жер өңделуге жатады.
20 мамырдан бастап итальяндық прус түрлерін қоса алғанда үймелеп жүретін шегірткелерге қарсы химиялық өңдеу жұмыстары жүргізілуде.
Жұмыстар тоғыз жер үсті бүріккіш, екі аса жеңіл ұшақ, дельтаплан және төрт агродронның көмегімен жүргізілуде.
Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев барлық жұмыстар облыстық штабтың бақылауында болуы керектігін, сондай-ақ ақпараттық вакуум болмауы үшін тұрғындарды жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы хабардар ету қажеттігін атап өтті.
«Біз жедел әрекет еттік. Барлық іс-шаралар кесте бойынша орындалады, жағдай тұрақты режимде бақыланады. Басты міндет – ауыл шаруашылығы өндірушілерінің шаруашылықтарында болуы мүмкін зиянның алдын алу», – деді өңір басшысы.
Қызылорда қаласында Қазақстан Республикасының Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаровтың төрағалығымен Қызылорда және Ақтөбе облыстары аумағында шегірткеге қарсы күрес шараларын жүргізу мәселелері бойынша кеңес өтті.
Кеңеске Қызылорда облысының әкімі Нұрлыбек Нәлібаев қатысты, сондай-ақ бейнебайланыс режимінде Ауыл шаруашылығы министрлігі Агроөнеркәсіптік кешендегі мемлекеттік инспекция комитетінің өкілдері, Ақтөбе облысының әкімі Асхат Шахаров және екі облыстың аудан әкімдері қосылды.
«Аймақтағы жағдаймен таныстым. Қолайсыз ауа райына қарамастан, өңдеу жұмыстары жалғасуда. Шегірткелер бар, бірақ егістік алқаптарында емес. Жұмысты күшейтіңдер, авиация санын арттырыңдар. Егер ауа райы мүмкіндік бермесе – жерүсті техникасын көбірек тартыңдар», – деп атап өтті Айдарбек Сапаров.
АӨК-дегі мемлекеттік инспекция комитеті төрағасының міндетін атқарушы Сәкен Қаныбековтің айтуынша, Қызылорда облысында өңдеуге жоспарланған жалпы аумақ 60,024 мың гектарды құрайды. 27 мамырдағы жағдай бойынша жоспарланған 19 мың гектардың 13 мың гектары өңделді. Жұмысқа 4 ұшақ, 2 жеңіл ұшақ, 4 дрон және 12 жерүсті желдеткіш қондырғысы жұмылдырылған.
Ақтөбе облысында өңдеуге жоспарланған аумақ 512,960 мың гектарды құрайды, оның ішінде 52 мың гектарға жуық жер өңделді. Өңірде ұшақтар, желдеткіш қондырғылар мен аэрозоль генераторлары – жалпы 45 бірлік техника жұмылдырылған.
Кеңес барысында өңірлер өкілдерінің баяндамалары тыңдалып, өзекті мәселелер мен ұйымдастыру жұмыстары талқыланды.
Кеңесті қорытындылай келе, министр химиялық өңдеулердің сапалы және уақтылы жүргізілуінің, ведомствоаралық өзара іс-қимылды күшейтудің және барлық тиісті құрылымдардың жауапкершілігін арттырудың маңыздылығын атап өтті.
«Шегірткемен күрестің тиімділігі үйлестірілген әрі жедел әрекетке тікелей байланысты. Барлық тапсырмалар қатаң бақылауға алынуы тиіс», – деді Айдарбек Сапаров.