Мемлекеттік сатып алу туралы заңдағы отандық өндірушілерді қолдау жолдары

Мемлекеттік сатып алу туралы заңдағы отандық өндірушілерді қолдау жолдары

Жыл сайын мемлекет отандық компанияларды серіктестік жұмысқа белсенді түрде тарту арқылы шағын және орта бизнеске қолдау көрсетіп келеді. Тендерлерге қатысу - ШОБ субъектілері үшін кепілдендірілген табыс пен тауарларға тұрақты сұранысты қамтамасыз етудің жақсы амалы. Биыл 1 қаңтардан бастап күшіне енген «Мемлекеттік сатып алу туралы» Заңда ашық, тиімді және бәсекеге қабілетті бизнес-ортаны қалыптастыруға барлық мүмкіндік қарастырылған.

Айталық, заңның бірінші бөлімі сатып алу рәсімдерін жеңілдетіп, азайтуға бағытталған. Бұл тәсіл сатып алуды жедел жүргізу, тапсырыс берушілерге үлкен өкілеттіктер беру, сондай-ақ сатыпалым рәсімдерінің ұзаққа созылуының алдын алу үшін қабылданды.
Өндіруші туралы мәлімет мемлекеттік органдардың ақпарат жүйелерін кеңінен пайдалану жолымен қалыптастырылады.
Шағымдарды тікелей сатып алуды ұйымдастырушының өзі қарайды. Сатып алу қорытындыларына шағымдану веб-портал арқылы және Конкурстық комиссия айқындаған жеңімпаздың сатып алуы бойынша ғана жүзеге асырылады.
Сонымен қатар тиісті реформа бойынша сыбайлас жемқорлыққа байланысты ұсталған компаниялар, олардың басшылары немесе құрылтайшылары сатып алуға қатысуға құқығы жоқ. Бұл ереже сыбайлас жемқорлық сын-қатерін барынша азайтуды көздейді.
Мемлекеттік сатыпалымның бірыңғай операторы – Электрондық қаржы орталығының базасында Бірыңғай сатып алу платформасы заңнамалық түрде енгізіліп, осы арқылы квазимемлекеттік сектор субъектілерінің және мемлекеттік сатыпалымдардың электронды қызметтері қолжетімді болады.
Жаңа заң мемлекет есебінен сатып алынатын тауарлар, жұмыстар мен қызметтердің сапасын жақсартып, сатыпалым қатысушыларының жауапкершілігін күшейту мен жергілікті өндірушілерге қолдау көрсетуді көздейді.