Білікті мамандардың жас қызметкерлерге кәсіби білім мен практикалық дағдыларды меңгертуде маңызы зор. Неге десеңіз, олардың жылдар бойы жинаған мол тәжірибесі мен бірегей білімі бар.
Осындай тәжірибелі мамандардың бірі Меруерт Аблаеваға ұжым қызметкерлері құрмет көрсетіп, еңбек демалысына салтанатты түрде шығарып салды. Аса білікті маман Қаржы министрлігі Мемлекеттік қаржы есептілігі және статистикасы департаментінің Бюджеттердің атқарылуын жиынтық талдау басқармасын басқарып келді.
Меруерт Аблаева еңбек жолын 1986 жылы Алматы қаласындағы Қазақ КСР Статистика жөніндегі мемлекеттік комитет орталығында экономист болып бастаған. Ал 2002 жылдан бастап 2009 жылға дейін Астанада Қаржы министрлігінің Салық комитетінде еңбек етті. Ол Есеп және статистика департаментінде 15 жылдан артық қажырлы жұмыс істеді.
Министрлікте қызмет істеген уақытында өзін білікті әрі кез келген жүктелген міндетті атқара алатын адал және жауапты қызметкер ретінде таныта білді. Осы еңбегі зая кетпей «Еңбек ардагері» медалімен марапатталғанын айта кетейік.
Ведомство басшылығы мен ұжым атынан ҚР Қаржы министрлігінің аппарат басшысы Ерғали Егемберды Меруерт Абылаеваға ұзақ жылғы абыройлы қызметі мен өз ісіне деген адалдығы үшін ризашылығын жеткізіп, құрмет көрсетті.