Мемлекеттік сатып алу: Сатыпалым процесінің мерзімі жеңілдетіліп, азайтылды

Мемлекеттік сатып алу: Сатыпалым процесінің мерзімі жеңілдетіліп, азайтылды

Тың технологиялар қарқынды дамыған заманда цифрлы деректер экономиканың барлық саласына кеңінен тарап, олардың маңыздылығы артып келеді. Қазақстанның экономикасын цифрлы трансформациялау 2020 жылы Мемлекет басшысының бастамасымен қолға алынған «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасын жүзеге асыру кезінде басталды. Заманауи IT-сервистер «Мемлекеттік сатып алу туралы» Заңға жаңа ережелерді енгізуге мүмкіндік берді. Бұл реформа сатыпалым процесінің рәсімдерін айтарлықтай жеңілдетіп, оны өткізу мерзімдерін азайту мен жосықсыз практикалардың сын-қатерін төмендетуге жол ашты.

Аталған заңда қарастырылған негізгі жаңашылдықтардың бірі сатып алу процедураларын жеңілдетіп, азайтуға бағытталған. Конкурс тәсілімен өткізілетін сатыпалым бойынша тиісті құжаттаманы талқылау 5 күннен 2 жұмыс күніне дейін, өтінімдерді қабылдау – 15 күннен 5 жұмыс күніне дейін, өтінімдерді қарау мен қорытындылау – 10 күннен 3 жұмыс күніне дейін қысқартылды. Осы арқылы конкурстар мен аукциондардың жеңімпазы ең көп дегенде 10 жұмыс күннің ішінде анықталады.

Рейтингті-балдық жүйені (сатып алудың автоматтандырылған тәсілі, жеңімпазды веб-портал анықтайды) қолданып өткізілетін конкурс арқылы сатыпалым жеңімпаздары жиналған балдың негізінде 5 жұмыс күні ішінде (бұрын оның мерзімі 29 жұмыс күн болатын) айқындалады. Бұл балл жұмыс тәжірибесі, тұрақты салық аударымдарының болуы, кешіктірулердің болмауы және т.б. үшін беріледі. Баға ұсыныстарын сұрату тәсілімен сатып алу мерзімі 5 күннен 2 күнге дейін азайды.

Заңдағы тағы бір маңызды өзгеріс конкурс рәсімдерін айтарлықтай жеңілдетуге байланысты. Сонымен қатар өтінімдерді автоматты түрде бағалау алгоритмдері енгізіліп, бұл субъективті фактордың алдын алып, ашықтықты арттырады.

Мемлекеттік сатып алу туралы жаңа заң барлық адал өндірушіге мемлекеттік тапсырыстарға тең дәрежеде қол жеткізіп, сатып алу жүйесінің ашықтығын қамтамасыз етеді. Бұл мемлекеттен бөлінетін қаражатты үнемдеу мен бизнестің дамуына қолдау көрсетуге мүмкіндік береді.