«Халық үніне құлақ асатын мемлекет» идеясын іске асыру азаматтармен ой бөлісіп, пікір алысуға қолайлы платформалар арқылы қоғаммен белсенді өзара байланысты дамытуды қарастырады. Қазақстандықтардың кез келген сұрақ бойынша түсініктеме алып, өзекті мәселелерді шешуге септесетін орындардың бірі Азаматтарды қабылдау орталығы болып саналады. Дәл осында ҚР Қаржы министрі Мәди Такиев азаматтарды жеке мәселелері бойынша қабылдады.
Қабылдауға жазылған азаматтардың тарапынан әртүрлі салаларға қатысты өтініштер айтылды: салық салу, аудит, жекешелендіру, салықтық тексерулер және әлеуметтік нысандардың құрылысын қаржыландыру мәселелері қозғалды. Сондай-ақ қабылдау барысында Салық кодексіне енгізілетін өзгерістер жайлы да түсіндірілді.
Сұрақтарға жедел жауап қайтарып, министрдің тапсырмаларын орындау үшін кездесуге Ішкі мемлекеттік аудит комитетінің төрағасы Н.Т. Мыңжасаров, Мемлекеттік мүлік және жекешелендіру комитеті төрағасының орынбасары Н.Т. Әділбеков Мемлекеттік кірістер комитеті төрағасының м.а. С.А. Ахметов және министрліктің басқа да қызметкерлері қатысты.
Ведомство басшысының халықпен кездесуге қатысты жұмыс кестесін министрліктің сайтынан көріп, танысуға болады.