Сенат өңірлерді біркелкі дамыту үшін бюджет шығыстарын ұлғайтуды ұсынды

Сенат өңірлерді біркелкі дамыту үшін бюджет шығыстарын ұлғайтуды ұсынды

 

ҚР Парламент Сенатында Қаржы министрі Мәди Такиев «2025-2027 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» заң жобасын таныстырды. Оны талқылау барысында өңірлердегі инфрақұрылымды дамытуға қатысты түзетулер енгізілді. Сенаторлар ұсынған түзетулерге байланысты аталған реформаны Мәжіліске қайтару туралы шешім қабылданды.

Құжат еліміздің 2029 жылға дейінгі әлеуметтік-экономикалық даму болжамы негізінде әзірленді. 2025 жылы түсімдер биылғы жоспармен салыстырғанда 1,2 трлн теңгеге ұлғайып, 21,7 трлн теңгеге артады. 2027 жылға қарай тапшылық ІЖ-ге шаққанда 1,9% дейін төмендейді.

2025 жылға арналған түсімдер мен тапшылықты ескере отырып, бюджет шығыстары былтырғы кезеңмен салыстырғанда 1,7 трлн теңгеге ұлғайып, 25,8 трлн теңге көлемінде болады деп жоспарланып отыр.

«Заң жобасын талқылау кезінде Парламент Сенатында бірқатар түзету енгізілді. Таза ауыз сумен қамтамасыз етуге, газбен жабдықтау, жылу мен электр энергетикасы, көлік инфрақұрылымы, ИКИ жүйесі мен өңірлерді дамытуға, сондай-ақ «Ауыл – ел бесігі» жобасын іске асыруға қосымша шығыстар қарастырылған. Бюджет әлеуметтік бағдарланған күйінде қалып отыр. Әлеуметтік салаға 2025 жылы биылғы кезеңге қарағанда 871 млрд теңге өсіммен 9,8 трлн теңге бөлу жоспарланған. 2025 жылы шығыстардың жалпы көлеміндегі үлесі 38% мөлшерінде болады», деді Мәди Төкешұлы.

Мәселен, әлеуметтік төлемдерді индекстеу мен төлем алушылар контингентін ұлғайтуды ескере отырып, азаматтарды әлеуметтік қамсыздандыруға және әлеуметтік көмек көрсетуге 6 трлн теңге сомасында ақша бөлу көзделіп отыр.

2025 жылы білім беру бағытына 1 трлн теңгеден аса сома жұмсалмақ.

2025-2027 жылдары денсаулық сақтау саласына арналған шығындар 7,6 трлн теңгеге артып, оның ішінде 2025 жылы – 2,5 трлн теңге, 2024 жылғы өсімге қарағанда 188 млрд теңгеге ұлғаяды. Тұтастай алғанда, ТМККК шығыстарының көлемі 2025 жылы 1,6 трлн теңге сомасында жоспарлануда. МӘМС-ке 675 млрд теңге қарастырылған, оның ішінде мемлекет жарналарын төлеуге 668 млрд теңге.

2025 жылы туризм мен спортты дамытуға республикалық бюджеттен 141 млрд теңге, ал мәдениет пен ақпарат саласына 165 млрд теңге көлемінде қаражат қарастырылмақ.

Келесі жылы өңірлерді қолдауға республикалық бюджет есебінен 7,5 трлн теңге бөлінеді.

Сонымен қатар 2025 жылы көлік саласын дамытуға 568 млрд теңге аудару көзделіп отыр.

Су ресурстарын тиімді басқару бойынша 2024 жылмен салыстырғанда 53 млрд теңгеге немесе 61% өсіммен 139 млрд теңге бөлінетін болады.

2025 жылы күштік құрылымдардың шығыстары 2,7 трлн теңге болады. Осы арқылы еліміздің қорғаныс қабілеті мен қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, құқықтық тәртіпті қорғау және ішкі тұрақтылықты қолдау жөніндегі іс-шараларға толық көлемде қажетті сома қарастырылады.

«Сенатта көптеген негізгі бағыт бойынша қосымша қаражатты бөлуді қарастыратын түзетулер кешені қабылданды. Ақшаның үлкен көлемі әлеуметтік салаға, өңірлерді біркелкі дамытуға және бизнесті ілгерілетуге арналған. Айталық, келесі жылы экономиканың нақты секторын қолдауға 2,1 трлн теңге бөлінеді. Оның ішінде Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес агроөнеркәсіптік кешенді дамытуға айрықша ден қойылып отыр. Бұл бағытқа 2025 жылы биылғы кезеңмен салыстырғанда 30% өсіммен 635 млрд теңге қарастырылған. Әлеуметтік салаға арналған ақша сомасы шығыстардың басым бөлігін құрайтынын атап өткім келеді. Денсаулық сақтау, білім беру ісі және азаматтарды қолдауға қосымша қаражат бөлінді», - деп түйіндеді М.Такиев.