Бүгін ҚР Қаржы вице-министрі Дәурен Темірбеков Петропавл қаласының тұрғындарымен онлайн форматта кездесу өткізді
Д. Темірбеков өз сөзінің басында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2022 жылғы 1 қыркүйектегі «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Қазақстан халқына Жолдауында:
«Ұлттық қордың жыл сайынғы инвестициялық табысының 50 пайызын балалардың арнаулы жинақтаушы есепшотына аударуды ұсынамын. Қаржы әр бала 18 жасқа толғанға дейін аударылып тұрады, оны мерзімінен бұрын есепшоттан шығарып алуға болмайды.
Жинақталған қаржы балалар кәмелет жасына толғаннан кейін олардың баспана немесе білім алуына жұмсалатын болады» деп атап өткендігіне тоқталды.
Осы бастама шеңберінде Қазақстан Республикасы Парламентінің Палаталары мемлекеттік органдар және ұйымдармен бірлесіп «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне Қазақстан Республикасының Ұлттық қорынан балаларға арналған қаражатты есептеу, төлеу және пайдалану мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының Заңын (бұдан әрі – Заң) әзірлеу мен қабылдау бойынша жұмыс жүргізді.
Мемлекет басшысы 2024 жылғы 1 қантардан бастап қүшіне енетін Заңға 2023 жылғы 16 қарашада № 40-VIII ҚРЗ қол қойды.
Заңның негізгі мақсаты – ересек өмірге қадам басатын Қазақстан Республикасының өскелең ұрпағына елдің ұлттық байлығының бір бөлігін беру түрінде қолдау көрсету.
Осы бағдарламаның Қазақстан Республикасының Ұлттық қорында (бұдан әрі – Ұлттық қор) жинақталған жинақтарды пайдалану бойынша алғашқы тәжірибе болып табылатындығын, ал Ұлттық қордың инвестициялық кірістілігінің өзі оң және теріс мәндер арасында құбылатынын ескере отырып. Заңды әзірлеу кезінде жыл сайынғы есептеу жүргізу үшін Ұлттық қордың өткен 18 жылдағы орташаланған кірістілігін есепті жылға қарай пайдалану ұсынылды.
Осылайша 2024 жылы 18 жасқа дейінгі балаларға Ұлттық қордың 2005-2022 жылдардағы орташаланған кірістілігін ескере отырып қаражат есептелетін болады.
Бала 18 жасқа толғанға дейін есептелген қаражат іс жүзінде Ұлттық қорда сақталады және Қазақстан Республикасының Ұлттық банкі инвестициялауды жалғастырады.
Ұлттық қорда жинақталған қаражатты пайдалану бала 18 жасқа толған кезде жүргiзiледі. Бұл жинақтар кәмелетке толған адамның ерекше меншігі болып табылады, ол қаражатты (білім алуға немесе тұрғын үй жағдайын жақсартуға) қалай пайдалану керектігін өзі (дербес) шешеді.
Бұл ретте шетелдiк оқу орнында оқуға ақы төлеуге арналған қаражатты пайдалануға шектеулер жоқ.
Заңмен мынадай негізгі сәттер айқындалған:
1. Әлеуметтік жобаларды іске асыру бойынша көп жылдық тәжірибесін ескере отырып Жобаның операторы ретінде «Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры» АҚ («БЖЗҚ» АҚ) айқындалған.
2. Барлық қаржылық операциялар АҚШ долларында жүргізіледі.
3. Шоттар Әділет министрлігінің жеке тұлғалар дерекқоры негізінде «БЖЗҚ» АҚ-да ашылатын болады. Бұл ретте жыл сайын қаңтар айында «БЖЗҚ» АҚ балаларды (туғандар, қайтыс болғандар, азаматтықты алғандар немесе жоғалтқандар, кәмелетке толғандар) сандық салыстыруды жүргізетін болады.
4. Жобаға Қазақстан Республикасының азаматтары болып табылатын, Қазақстан Республикасының тууы немесе азаматтығын алу құқығы бойынша балалар қатысатын болады.
5. Егер 18 жасқа дейін бала елден кетіп, Қазақстан азаматтығын өзгертсе, онда төлемдерді талап ету құқығы жоғалады. Қаражат барлық балалар арасында қайта бөлінеді. 18 жасқа дейінгі бала азаматтығын ауыстырмай елден кеткен жағдайда, төлемдерді талап ету құқығы сақталады.
6. Бұл төлемдер тыйым салуға, шектеуге, алып қоюға жатпайды, сондай-ақ салық салудан босатылады.
7. «БЖЗҚ» АҚ-мен өзара іс-қимыл жасайтын екінші деңгейдегі банктер мен Ұлттық пошта операторы («Қазпочта» АҚ) уәкілетті операторлар болып танылады. Сондай-ақ, «Отбасы банкі» АҚ-ның білім беру төлемін жасау мен мемлекеттік білім беру жинақтау жүйесіне қатысу үшін шоттар ашу бойынша функционалдық мүмкіндіктері кеңейеді.
8. Ақша қаражатын аударуға «БЖЗҚ» АҚ-ға өтінім жіберген кезде нысаналы жинақтаудың мақсатқа сай пайдаланылуын тексеру уәкілетті операторларға жүктеледі.
9. Бала әрекетке қабілетсіз болған жағдайда ата-аналарға немесе заңды қамқоршыларға нысаналы жинақтарға билік ету құқығы беріледі. Бірақ тек алушының (кәмелетке толған) пайдасына және тек тұрғын үйді жақсартуға немесе білім беру ақысын төлеуге ғана рұқсат беріледі.
Кездесу соңында Д. Темірбеков тұрғындардың, БАҚ өкілдерінің сұрақтарына жауап берді.