Өзбекстанға 24 тонна бензинді алып кету әрекетінің жолы кесілді

Өзбекстанға 24 тонна бензинді алып кету әрекетінің жолы кесілді

Түркістан облысы бойынша ҚР ҚМ Мемлекеттік кірістер департаментінің «Қазығұрт» кеден бекетінде 24 000 литр АИ-92 маркілі бензинін заңсыз алып кету әрекетінің жолы кесілді. Бұл туралы ҚР ҚМ Мемлекеттік кірістер комитетінде хабарлады.

15.06.2023 жылы «Қазығұрт» кеден бекетінің қызметкерлерімен, Қазақстан Республикасынан Өзбекстан Республикасына қарай  бағытталған Өзбекстан Республикасының азаматының басқаруындағы «ДАФ» маркалы автокөлік құралына кедендік декларациясы бойынша жүктелген  «Оксигенат» тауарының иісі «Бензин» жанар-жағармай тауарына ұқсағандықтан күдік туғызып, кедендік қарап-тексеру жүргізілген.

Кедендік тексеру кезінде жалпы 24 дана пластмасса ыдыстарына (әрқайсысы 1000 литрден)  құйылған сұйықтық анықталған. Сұйықтықтың иісі бензинге ұқсағандықтан, күдік туғызды.

Қазіргі уақытта автокөлік құралдарымен бензин, дизель отынын және жекелеген мұнай өнімдерін елімізден сыртқа алып кетуге тыйым салынған.

Сынамалары алынып, кедендік зерттеулер орталығына жолданып, нәтижесінде күдіктенген сұйықтықтың АИ-92 маркілі бензин екені расталды.

Сот шешімімен заң бұзушы әкімшілік жауапкершілікке тартылып, оған 103,5 мың теңге мөлшерінде айыппұл салынды және ұсталған тауар мемлекет пайдасына тәркіленді.