Республикалық меншікке мүлікті тәркілеу аясында Қазақстан Республикасының Қаржы министрлігі 2015 жылдан бастап бір қатар іс-шараларды атқарды.
Қолданыстағы тәртіпке сәйкес мемлекет кірісіне айналдырылған мүлік бірінші кезекте мемлекеттік заңды тұлғаларға, олардың теңгеріміне бекіту үшін ұсынылады.
Бүгінде мемлекеттік органдардың мүліктің қажеттілігі туралы өтініштерін Қаржы министрлігіне қарасты аумақтық бөлімшелер зерделейді. Сонымен қатар берілетін мүлікке қажеттілік және өндірістік қажеттілік болған кезде мүлікті беру, мемлекеттік заңды тұлғалардың теңгеріміне бекіту, олардың веб-порталда тіркелетін электрондық өтініші негізінде жүзеге асырылады.
Аталмыш норма, мемлекеттік заңды тұлғалардың материалдық-техникалық базасын, оның ішінде автомашиналар паркін жаңартуды жүзеге асыру үшін бюджет қаражатын үнемдеу мақсатында көзделген.
Ал мемлекеттік заңды тұлғалар өтініштер ұсынбаған, не мүлікті мемлекеттік меншікке берудің экономикалық орынсыздығы жағдайында мүлік сауда-саттыққа шығарылады.
Қаржы министрлігі нормативтік-құқықтық актілерге тиісті түзетулер енгізуді көздейтін бұйрықтың жобасын әзірледі. Бұйрық қабылданғаннан кейін, мемлекеттік заңды тұлғалардың теңгеріміне ұсынуға жатпайтын тәркіленген мүліктің арнайы тізілімі жасалып, тәркіленген мүлік бағалаудан кейін сатуға қойылады.