Салық есептілігін ұсынуды тоқтата тұру (қайта жаңарту) тәртібі

Салық есептілігін ұсынуды тоқтата тұру (қайта жаңарту) тәртібі

    Қазақстан Республикасы Салық Кодексінің 213-бабының 1-тармағына сәйкес салық төлеушінің салық өтініші негізінде салық есептілігін табыс етуді тоқтата тұруға, салық есептілігін табыс етуді тоқтата тұру мерзімін ұзартуға немесе салық есептілігін табыс етуді қайта бастауға құқығы бар.

     Қызметті тоқтата тұру немесе қайта бастау немесе салық есептілігін табыс етуді тоқтата тұру мерзімін ұзарту туралы шешім қабылданған жағдайда, қызметті тіркеу орны бойынша салық төлеуші (салық агенті) мемлекеттік кірістер органына салық өтінішін ұсынады.

    Алдағы кезеңге қызметті тоқтата тұру туралы шешім қабылданған жағдайда салықтық есептілік және салықтық өтініш ұсынылады. Қызметті тоқтата тұру туралы салықтық өтінішті салық есептілігімен бір мезгілде ұсынып немесе есептіліктен кейін беруге болады.

    Егер кезекті салық есептілігін табыс ету мерзімі қызметті тоқтата тұру туралы салық өтініші табыс етілгеннен кейін басталса, онда мұндай есептілікті табыс ету салық өтініші табыс етілген күнге дейін жүргізіледі.

   Салық есептілігін табыс етуді тоқтата тұрудың жалпы мерзімі Салық Кодексінің 48-бабында белгіленген талап ету мерзімінен, яғни үш жылдан аспауы тиіс.

   Қызметті тоқтата тұру мерзімі аяқталғанға дейін, қызметті қайта бастау туралы шешім қабылданған жағдайда, салықтық өтініш беріледі.

   Салық есептілігін табыс етуді тоқтата тұру мерзімін ұзарту туралы шешім қабылданған жағдайда салық өтініші табыс етіледі.

   Ұзарту үш жылдан аспайтын жалпы мерзімді ескере отырып, салық өтінішінде көрсетілген кезеңге жүзеге асырылады.

   Мемлекеттік кірістер органы салық өтінішін алған күннен бастап бір жұмыс күні ішінде салық есептілігін табыс етуді тоқтата тұруға (ұзартуға, қайта бастауға) немесе салық есептілігін табыс етуді тоқтата тұрудан бас тартуға міндетті.

   Салық төлеушінің (салық агентінің) салық есептілігін ұсынуды тоқтата тұруына мына жағдайларда жол берілмейді:

1) өтініш берілген күнге салық берешегі, әлеуметтік төлемдер бойынша берешегі болса;

2) мыналарды ұсынбау фактілері болса:

- талап қою мерзімін ескере отырып, салық есептілігін;

- қосылған құн салығы бойынша тіркеу есебіне қоюға салық өтінішін;

3) салық органымен әрекетсіз деп танылса;

4) салық органы жіберген хабарламаларды орындамаса.

Заңды тұлға үшін қызметті тоқтата тұру туралы шешімді құрылтайшылар жиналысында немесе Компанияның жалғыз құрылтайшысы қабылдайды.