«Жергілікті компаниялардың мемлекеттік сатып алуда жеңіске жету мүмкіндігі жоғарлады»

«Жергілікті компаниялардың мемлекеттік сатып алуда жеңіске жету мүмкіндігі жоғарлады»

Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау мақсатында мемлекеттік органдар құрылыс нарығын монополиясыздандыру және оны бәсекеге қабілетті дамыту жөнінде шараларды қабылдау бойынша жұмыстар жүргізуде.

Қаржы министрлігімен құзыреті шеңберінде тиісті жұмыс атқарылуда.

Ағымдағы жылдың 1 наурызында № 225 бұйрықпен (Әділет министрлігінде 2023 жылғы 2 наурыздағы № 31994 болып тіркелген) Мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыру қағидаларына (Қазақстан Республикасы Қаржы министрінің 2015 жылғы 11 желтоқсандағы № 648 бұйрығымен бекітілген) өзгерістер енгізілді.

Енді шартты жеңілдіктерді есептеу кезінде аумақтық белгі және теріс мәндер түріндегі конкурстық баға ұсынысына әсер ететін қосымша өлшемшарттар ескерілетін болады.

Осылайша, жұмыстарды орындау аумағында тіркелген өнім берушіге 1% мөлшерінде шартты жеңілдік берілетін болады.

Аумақтық белгі техникалық-экономикалық негіздемені, жобалау-сметалық құжаттаманы әзірлеу және ведомстводан тыс кешенді сараптама жөніндегі жұмыстарды қоспағанда, құрылыспен байланысты емес жұмыстар және құрылыс-монтаждау жұмыстары бойынша 400 мың АЕК-ке дейінгі мемлекеттік сатып алуға қолданылатын болады.

Бұл өлшемшарт шағын және орта бизнесті дамытуға және қолдауға, сондай-ақ тиісті өңірде салық түсімдерін ұлғайтуға ықпал етеді.

Сонымен қатар, орындауында ағымдағы қаржы жылында жасалған мемлекеттік сатып алу туралы шарты бар әлеуетті өнім берушіден әрбір шарт үшін жалпы шартты жеңілдіктің 0,1%-ы алынатын болады.

Теріс мәндер құрылыс-монтаждау жұмыстарына, ведомстводан тыс кешенді сараптама, ТЭН, ЖСҚ әзірлеу жөніндегі жұмыстарына және инжинирингтік қызметтерге қолданылатын болады.

Бұл мемлекеттік сатып алу көлемін біркелкі және әділ бөлуге, шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің дамуына мүмкіндік бермей, барлық мемлекеттік сатып алуға қатысатын жекелеген ірі компаниялардың бүгінгі таңда қалыптасқан монополиялық жағдайын төмендетуге мүмкіндік береді.

Жалпы, бұл жаңашылдықтар құрылыс нарығын монополиясыздандыруға және бәсекелестікті дамытуға мүмкіндік береді.

Жаңа өлшемшарттар Бұйрықтың қолданысқа енгізілгеннен кейін, яғни ағымдағы жылдың 22 наурызынан бастап жарияланған мемлекеттік сатып алуларға қолданылатын болады.