Бүгінгі таңда мемлекеттік сатып алудың барлық процесі автоматтандырылған.
Мемлекеттік сатып алу веб-порталында 100 мыңнан астам өнім беруші және 24 мыңнан астам тапсырыс беруші тіркелген.
2022 жылдың қорытындысы бойынша мемлекеттік сатып алу көлемі 5,8 трлн теңгені құрады.
Бұл ретте сатып алудың 80% шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінен жүзеге асырылды.
2022 жылы мемлекеттік сатып алу жүйесін жетілдіру шеңберінде бәсекелестікті дамытуға, сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін азайтуға және сатып алу процестерін жеңілдетуге бағытталған бірқатар заңнамалық шаралар қабылданды.
Бірінші. 2022 жылғы 1 шілдеден бастап ҚМЖ және жобалау бойынша сатып алулар рейтингтік-балдық жүйе пайдаланылатын жаңа конкурсты қолдана отырып жүзеге асырылады.
Осы тәсілмен жалпы сомасы 166,6 млрд. теңгеге 513 шарт жасалды.
Сатып алу конкурстық комиссиясыз жүргізіледі, сатып алу жеңімпазы ақпараттық жүйелердің (қаржылық орнықтылық, электрондық депозитарий) деректері негізінде автоматты түрде айқындалады.
Екінші. Электрондық дүкен арқылы сатып алу тәсілі енгізілді, ол жалпы бір көзден сатып алу үлесін төмендетуге бағытталған.
Осы тәсілмен жалпы құны айлық есептік көрсеткіштің төрт мың еселенген мөлшерінен аспайтын тауарлар сатып алынады.
Өнім берушілерді таңдаудың объективті және ашық критерийлері қолданылады және сатып алу іс жүзінде онлайн режимінде жүзеге асырылады.
2022 жылы электрондық дүкен арқылы 29,9 млрд. теңге сомасына 135,7 мыңнан астам сатып алу жүргізілді.
Үшінші. Рәсімдерді оңайлату мақсатында негіздемелік келісімдер пайдаланылатын конкурс түрінде сатып алудың жаңа тәсілі енгізілді. Бұл тәсіл сатып алу процедураларын 2 айдан 1 айға дейін қысқартты.
Төртінші. Ағымдағы жылы сапалы тауарларды сатып алу мақсатында өмірлік циклі құнының есептемесі пайдаланылатын конкурс (көпфункционалды құрылғылар, принтерлер) түрінде сатып алудың жаңа тәсілі енгізіледі.
Өнім берушіні таңдау сатып алу бағасы (бастапқы) негізінде емес, тауардың бүкіл қызмет ету мерзімі (өмірлік цикл) құны негізінде жүзеге асырылады.
Бесінші. Өткен жылы бір көзден сатып алудың 7 негізі алынып тасталды, сондай-ақ оларды қысқарту бөлігінде 8 негізі қайта қаралды.
Заңда бәсекелестік тәсілмен сатып алуды басымдықпен жүзеге асыру туралы талап белгіленген.
Сондай-ақ, тапсырыс берушінің бірінші басшысының бір көзден сатып алуды негізсіз қолданғаны үшін дербес жауапкершілігі көзделген.
Аталған шаралар өткен жылмен салыстырғанда бір көзден алу тәсілімен сатып алу үлесін сатып алудың жалпы көлемінің 39%-дан 24%-ға дейін қысқартуға мүмкіндік берді.
Алтыншы. Заңға тәуелді актілерде сатып алуға қатысуды қиындататын, сондай-ақ сыбайлас жемқорлық тәуекелдері бар талаптар алынып тасталды.
Қабылданған шаралар кешені 2021 жылмен салыстырғанда шағымдар санын 12,7 мыңға немесе 1/3 – ке қысқартуға мүмкіндік берді (01.12.2021 – 30 275 шағым, 01.12.2022-25 252 шағым).
Жетінші. Мемлекет басшысының 2022 жылғы 11 қаңтардағы Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің отырысында берілген тапсырмасын орындау үшін (Қазақстан Республикасы Президентінің тапсырмаларын іске асыру жөніндегі іс-шаралар жоспарының 31-тармағы) ашықтықты күшейту, сатып алуға қатысуға қолжетімділікті кеңейту, бір көзден сатып алуды қысқарту жөнінде тиісті заңнамалық шаралар қабылданды.
Қазіргі уақытта Президенттің тапсырмасы бойынша Министрлік «Мемлекеттік сатып алу туралы» жаңа Заң әзірлеуге кірісті.
Заң сатып алу рәсімдерін түбегейлі жеңілдетуге, шамадан тыс реттеуді болдырмауға, ең төменгі бағадан сапаның басымдығын белгілеуге бағытталатын болады.
Заң жобасын ағымдағы жылдың қыркүйегінде Парламентке енгізу жоспарлануда.