Азия Даму Банкінің Басқарушылар Кеңесінің жыл сайынғы отырысы

Азия Даму Банкінің Басқарушылар Кеңесінің жыл сайынғы отырысы

2022 жылғы 26-30 қыркүйекте Манила қаласында (Филиппин) Азия Даму Банкінің Басқарушылар Кеңесінің 55-ші жыл сайынғы отырысы өтті.

ҚР атынан балама басқарушы ретінде Қаржы вице-министрі Дәурен Кеңбеил мен ҚР Ұлттық экономика министрлігінің өкілі Нұрым Аязбаев Банк Кеңесінің пленарлық отырысына қатысты.

Сондай-ақ сапар барысында Қаржы вице-министрі бірқатар екіжақты кездесулер өткізді.

АДБ-нің Орталық және Батыс Азия бойынша өңірлік департаментінің бас директоры Евгений Жуковпен кездесу барысында бюджеттік қолдау ретінде Қазақстан Республикасына АДБ тарапынан қаржыландыруды ұсыну үшін негіз бола алатын реформалар матрицасын пысықтау бойынша, сондай-ақ АДБ мен Қазақстанның 2023-2027 жылдарға арналған елдік әріптестігінің жаңа стратегиясын әзірлеу мәселелері талқыланды.

АДБ-нің жеке сектордағы операциялар мен мемлекеттік-жекешелік әріптестік бойынша вице-президенті Ашок Лавасамен кездесуде Тараптар бірқатар жобаларды іске асыру және жеке секторда қаржыландыруды ұлғайту жөнінде пікір алмасты. Тараптар АДБ-нің жаңа стратегиясы қойылған міндеттерді және Қазақстанда жүргізіліп жатқан экономикалық реформаларды тиімді іске асыруға ықпал ететінін атап өтті.

Қорытындылай келе, Д. Кеңбеил АДБ Қазақстан Республикасы үшін маңызды және стратегиялық әріптес екендігіне сендірді, сондай-ақ АДБ көрсеткен қаржылық көмек үшін алғысын білдірді.