Қазақстан транзиттік бақылауды электронды форматқа ауыстыру кезінде отандық тасымалдаушылардың мүдделерін қорғайтын болады - Қаржы министрлігі

Қазақстан транзиттік бақылауды электронды форматқа ауыстыру кезінде отандық тасымалдаушылардың мүдделерін қорғайтын болады - Қаржы министрлігі

Еуразиялық экономикалық одаққа мүше елдермен бірге Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігі транзиттік бақылауды навигациялық пломбаларды қолдану арқылы электронды форматқа көшіру бойынша жұмыс жүргізуде. Бұл мәселеде біздің еліміз отандық тасымалдаушылардың мүдделерін назардан тыс қалдырмайды, деп мәлімдеді бүгін ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Қаржы вице-министрі Марат Сұлтанғазиев.

 

«Бүгінде Одаққа мүше мемлекеттермен бірге транзиттік бақылауды навигациялық пломбаларды қолдану арқылы электронды форматқа көшіру жұмыстары жүргізілуде. Бұл мәселеде біз қазақстандық тасымалдаушылардың мүдделерін қорғауды көздейміз. Соңғы цифрлық технологияларды пайдалану тауарларды еш кедергісіз, бүкіл Одақ бойынша бірнеше күнде жеткізуге мүмкіндік береді », - деді М. Сұлтанғазиев.

Вице-министр соңғы жылдары ЕАЭО интеграциясы мәселесінде Одақ бөлген импорттық кедендік баж салығы есебінен Қазақстан бюджетіне кірістердің қарқынды өсуі байқалғанын атап өтті. Тек 2020 жылдың өзінде 322,4 млрд теңге түсті, оң сальдо 77,3 млрд теңгені құрады.

 

Ол сондай-ақ кедендік инфрақұрылымды жаңарту жоспарлары туралы айтты, оның шеңберінде 10 өткізу пункті қайта жаңартылады және кедендік операцияларды автоматты түрде бақылау үшін Бас диспетчерлік кеңсе құрылысы салынады. Сонымен қатар, Мемлекеттік шекарадағы заңсыз сауда айналымына қарсы іс-қимылдың кешенді жоспары әзірленді. Шет елдермен кедендік декларациялар бойынша ақпарат алмасу жұмысы жалғасуда. «Бүгін Қытаймен ақпарат алмасу жүріп жатыр, Түркиямен жұмыс басталды», - деп хабарлады вице-министр.

Акцизделетін өнімдердің заңсыз айналымымен күрес шеңберінде алкогольдік ішімдіктердің цифрлық таңбалауы бойынша пилоттық жоба басталды. 2021 жылдың екінші жартысынан бастап ЭЫДҰ-мен 100-ден астам юрисдикциядағы Қазақстан Республикасы азаматтарының есепшоттары туралы ақпарат алмасуды бастау жоспарланып отыр.