ҚР Парламенті Сенатының пленарлық отырысында 2020 жылға арналған республикалық бюджеттің атқарылуы туралы ҚР Қаржы министрі Е.К. Жамаубаевтың сөйлейтін сөзі Нұр-Сұлтан қаласы, Парламент Сенаты, 2021 жылғы 17 маусым

ҚР Парламенті Сенатының пленарлық отырысында 2020 жылға арналған республикалық бюджеттің атқарылуы туралы ҚР Қаржы министрі Е.К. Жамаубаевтың сөйлейтін сөзі Нұр-Сұлтан қаласы, Парламент Сенаты, 2021 жылғы 17 маусым

Құрметті Маулен Сағатханұлы!

                           Құрметті депутаттар!

 

2020 жылы республикалық бюджеттің атқарылуы жаһандық дағдарысқа байланысты іскерлік белсенділіктің айтарлықтай төмендеуі жағдайында жүзеге асырылды.

Жалпы ішкі өнім нақты 2,6%-ке төмендеді.

Бұл негізінен карантиндік шаралардың енгізілуінен қызметтер көрсетудің 5,4%-ке төмендеуіне байланысты болды.

Дегенмен экономиканың нақты секторы
2%-ке
өскенін көрсетті.

Атап айтқанда, құрылыс – 11,2%-ке, ақпарат және байланыс – 8,7%-ке, ауыл шаруашылығы – 5,6%-ке, өңдеу өнеркәсібі – 3,9%-ке.

Негізгі капиталға салынатын инвестициялар көлемі 3,4%-ке төмендеді.

Бюджеттің басым бағыттары төтенше жағдай кезінде азаматтарды және нақты секторды қолдауға арналған шығыстар болды. Бұл - әлеуметтік төлемдерді индекстеу, шағын және орта бизнес субъектілеріне салық ауыртпалығын төмендету, «Жұмыспен қамту жол картасы», «Бизнес жол картасы», «Еңбек» және басқа да бағдарламалар.

Экономикалық өсімді қалпына келтіру бойынша Кешенді жоспар қабылданды.

Зардап шеккен салалардан шамамен 700 мың кәсіпкер салықтық ынталандыру және жеңілдік шараларымен қамтылды.

Шағын және орта бизнестің 40 мыңға жуық жобалары арзандатылған мөлшерлемемен қаржыландырылды.

Зардап шеккен салаларда қарыз алушылардың 80%-і кредиттер бойынша төлемдерін кейінге қалдыру мүмкіндігін алды.

Осы шаралар жұмыспен қамту мен іскерлік белсенділікті сақтауға ықпал етті.

Жұмыссыздық 4,9% деңгейінде сақталып қалды.

Бюджет процесінің икемділігі қамтамасыз етілді, мемлекеттік сатып алудың арнайы тәртібі енгізілді.

Осындай жағдайларда республикалық бюджеттің атқарылуы мынадай көрсеткіштермен сипатталады.

Бюджет түсімдері 100,3%-ке орындалып, 12 трлн.
49 млрд. теңгені
құрады.

Шығыстар 98,3%-ке игерілді және 14 трлн. 234 млрд. теңгені құрады.

Әлеуметтік шығыстар 2019 жылмен салыстырғанда 1,4 трлн. теңгеге (27,3%-ке) ұлғайып, 6,6 трлн. теңгені құрады.

Бұл республикалық бюджеттің жалпы көлемінің
47%-і.

Бюджет тапшылығы 2 трлн. 185 млрд. теңге немесе жалпы ішкі өнімнің 3,1%-і болды.

 

 

Енді бюджеттің жекелеген параметрлеріне және Үкіметтің есебін талқылау кезінде айтылған маңызды мәселелердің шешіміне толығырақ тоқталуға рұқсат етіңіздер.

 

КІРІСТЕР БОЙЫНША

Трансферттерді есепке алмағанда кірістер бойынша жоспар 22 млрд. теңгеге артығымен орындалды.

Бюджетке 6,6 трлн. теңге түсті.

Салық түсімдері 5 трлн. 576 млрд. теңгені құрап, жоспар 100,3%-ке орындалды.

Салықтар бойынша асыра орындаудың негізгі сомасы корпоративтік табыс салығы (162 млрд. теңге), пайдалы қазбаларды өндіру салығы (39 млрд. теңге) және шикі мұнайға салынатын экспорттық кедендік бажға (34 млрд. теңге) тиесілі.

Сонымен қатар жоспар қосылған құн салығы бойынша 256 млрд. теңгеге атқарылмаған, бұл қосылған құн салығын қайтарудың (2019 жылмен салыстырғанда 1,5 есеге немесе 236 млрд. теңгеге) өсуіне, тауар  айналымының күрт азаюына («Электрондық шот-фактуралар» ақпараттық жүйесінің деректері бойынша 9,7%-ке 102,1 трлн. теңгеден 92,3 трлн. теңгеге дейін) және елдің сыртқы саудасының төмендеуіне (13%-ке) байланысты болды.

Есепті талқылау кезінде бюджеттің мұнайдан түсетін кірістерге тәуелділігінің артуы туралы сұрақ көтерілді.

Шын мәнінде, коронавирус дағдарысы жағдайында Ұлттық қордан трансферттер тартудың өскені орын алды, оның көлемі бюджет кірістерінің 45%-тіне жетті.

Қосымша соманы есепке алмағанда (2 трлн. 70 млрд. теңге), бюджет кірістерінің құрамындағы трансферттердің үлесі өткен жылдар деңгейінде (шамамен 33%, 2019 жылы -32,7% , 2018 жылы - 33,5%) сақталады.

Бұл ретте өткен жылы Ұлттық қордың активтері 744 млрд. теңгеге өскенін атап өткен жөн.

Қорды басқарудан түскен инвестициялық кіріс 4,1 трлн. теңгені құрады.

Бұл 2019 жылмен салыстырғанда 2,5 есеге көп.

Кепілдендірген трансферт орта мерзімді кезеңде қысқаратын болады.

Бюджет кодексіне енгізілген түзетулерге сәйкес  кепілдендірілген трансферт бойынша жаңа контрциклдық қағиданы қолдану жоспарланып отыр.

Кепілдендірілген трансферт мұнайдың консервативтік бағасы (кесімді баға) кезінде мұнай секторынан Ұлттық қорға түсетін түсімдер көлемінен аспайтын мөлшерде айқындалатын болады.

Бұл мұнайға тәуелсіз тапшылықты төмендетуге және Ұлттық қордың өсуіне ықпал етеді.

Егер өткен жылы республикалық бюджетте мұнайға қатысты емес түсімдердің үлесі 55%-ті құраса, ағымдағы жылы оның үлесі 64%-ке дейін жетеді. Алдағы кезеңде бұл үлестің мөлшері ұлғаятын болады.

Осыған орай көлеңкелі экономиканы қысқарту, салықтық және кедендік әкімшілендіруді цифрландыру бойынша кешенді жұмыстар жүргізіліп жатыр.

 

Тауарлардың қадағалануының Ұлттық жүйесін енгізудің нәтижесінде салықтық және кедендік тексерулердің тиімділігі артты.

Соңғы 2 жыл ішінде әкімшілендіру мен цифрландыруды жақсарту есебінен бюджетке
1,7 трлн. теңгеге жуық қосымша салықтар (2019 ж. - 916 млрд. тг., 2020 ж. - 710 млрд. тг.) түсті.

Мемлекеттің шекарасындағы жасырын сауда айналымына қарсы іс-қимылдың Кешенді жоспары дайындалды.

Кедендік инфрақұрылымды модернизациялау шеңберінде кедендік операцияларды  автоматтандырылған бақылау үшін негізгі өткізу пункттерін қайта құру жоспарлануда.

Шет елдермен ақпарат алмасу жұмысы онлайн-режимде жалғасатын болады.

Сондай-ақ, капиталдың шетелге кетуін азайтуға, экономиканы деофшоризациялауға және салықтық түсімдерді арттыруға бағытталған бірқатар заңнамалық шаралар әзірленуде.

 

ШЫҒЫСТАР БОЙЫНША

 

2020 жылы бюджет шығыстары 351 бюджеттік бағдарлама шеңберінде 63 стратегиялық бағыт бойынша жұмсалды.

Стратегиялық жоспарлардың 261 индикаторына қол жеткізілді.

Қаражаттың едәуір бөлігі 13 мемлекеттік бағдарламаны қаржыландыруға бағытталды.

Атап айтқанда, «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасы есебінен транзиттік жүк көлемі 2019 жылмен салыстырғанда 20%-тен астам өсіп, 23,5 млн. тоннаға жетті.

«Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы бойынша 15,3 млн. шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді.

Агроөнеркәсіптік кешен мемлекеттік бағдарламасы бойынша мыңдаған жобалар инвестициялық субсидиялармен қамтылды.

Банктерде және микроқаржы ұйымдарында тұтынушылық қарыздар бойынша халықтың әлеуметтік осал санаттарының (көп балалы отбасылар, асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша төлем алатын отбасылар, мүгедек балалары бар, 18 жастан асқан бала кезінен мүгедектер, мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек алушылар, жетім балалар, жиырма тоғыз жасқа толмаған ата-анасының қамқорлығынсыз қалған, кәмелетке толғанға дейін ата-анасынан айырылған балалар) борыштық жүктемесін төмендету бойынша шаралар қабылданды.

30 мыңнан астам қарыз өтелді.

Есеп комитеті мемлекеттік жоспарлау жүйесіндегі, бюджет қаражатын пайдаланудың тиімділігі жөнінде бірқатар мәселені атап өтті.

Олар жұмыс топтарында да талқыланды.

Осыған орай, ағымдағы жылдың ақпан айында Мемлекеттік басқару тұжырымдамасы қабылданғанын атап өткім келеді.

Жаңа тәсілдер енгізіледі.

Стратегиялық және бюджеттік жоспарлау кезінде мемлекеттік органдар қоғам мен бизнестің қажеттіліктерін ескеруі тиіс.

Сондай-ақ, нәтижеге қол жеткізу үшін жеке жауапкершілік күшейтіледі.

Өткен жылы өңірлерде басталған, бірақ аяқталмаған объектілерге түгендеу жүргізілді.

Ағымдағы жылы 454 млрд. теңге нысаналы даму трансферттері ретінде бұрын басталған жобаларды қаржыландыруға бағытталды.

Есеп комитетінің қортындысында бюджетаралық қатынастарды қалыптастыру механизмінің жетілдірілмегендігі туралы айтылды.

Қазір Үкімет бұл мәселемен айналысуда.

Жергілікті өзін-өзі басқаруды дамыту тұжырымдамасының жобасында да бұл мәселе белгіленген.

Есеп комитеті қолданыстағы шығыстарды оларды іске асырудан алынатын әсер тұрғысынан қайта қарауды ұсынған болатын.

Бұған қатысты 2022-2024 жылдарға арналған республикалық бюджет жобасын қалыптастыру кезінде мемлекеттік органдар алғаш рет бюджеттік субсидиялар мен инвестициялық жобаларға мәлімделген шығыстардан экономикалық қайтарымы (бюджет кірістері, жұмыс орындары, инвестициялар, экспорт және т.б.) туралы есептерді ұсынатынын атап өткім келеді.

Сөйтіп бюджет тиімділігін арттыру Үкіметтің ерекше назарында.

Бизнеске қаржылық және қаржылық емес қолдау шаралары олардың қарсы міндеттемелеріне байланысты көрсетілетін болады. 

 

Квазимемлекеттік сектордың қызметі туралы біраз сындар айтылды.

Осы бағытта мемлекеттің экономикаға тікелей қатысуын қысқарту бойынша жұмыс жалғасады және жекешелендіру процесі күшейтіледі.

Жыл сайынғы көтерілетін мәселе – ол квазимемлекеттік сектор субъектілерінің шоттарындағы қалдықтар. Бюджет заңнамасына қажетті өзгертулер қабылданды.

Бұл қаражаттар субъектілердің тиісті органдарының шешімімен белгіленген тәртіп бойынша жаңа жобаларға бағытталады немесе бюджетке қайтарылады.

Есепті қарау кезінде мемлекеттік борыштың өсуіне ерекше назар аударылды.

Расында, дағдарысқа қарсы шараларды қаржыландыру үшін 2020 жылы біз бюджеттің тапшылығын және қарыздарды ұлғайтуға мәжбүр болдық.

Алдағы уақытта біртіндеп бюджет тапшылығын төмендету жоспарлануда. Бұл жаңадан қарыз алу қарқынын да азайтады.

Валюталық тәуекелдерді болдырмау және қарыз құралдарының жергілікті нарығын дамыту үшін барынша ішкі нарықтың өтімділігі пайдаланылатын болады.

Мемлекеттік борыш қауіпсіз деңгейде сақталады және ол белгіленген лимиттен асып кетпейді.

 

 

 

 

Құрметті депутаттар!

 

2020 жылға арналған республикалық бюджеттің негізгі көрсеткіштері және оның тиімділігін арттыру жөніндегі шаралар осындай.

Есепті қарау кезінде экономиканың барлық салалары бойынша 300-ден астам сұрақтар мен ұсыныстар айтылды. Депутаттардың ұсынымдары қазіргі уақытта мұқият қаралып жатыр және алдағы уақытта жұмыста ескерілетін болады.

Үкіметтің есебін қолдауды сұраймыз.

 

Назарларыңызға рақмет!