Мәжіліс 2014 жылғы 29 мамырдағы Еуразиялық экономикалық одақ туралы шартқа өзгерістер енгізу туралы хаттаманы ратификациялады.

Мәжіліс 2014 жылғы 29 мамырдағы Еуразиялық экономикалық одақ туралы шартқа өзгерістер енгізу туралы хаттаманы ратификациялады.

Заң жобасын таныстыру барысында ҚР Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев атап өткендей, Кеден кодексінің нормаларына сәйкес аванстық төлемдер институтын енгізу көзделген. Осыған байланысты Шартқа тиісті түзетулер енгізу қажеттілігі туындап отыр.

«Алдағы төленетін кедендік төлемдер мен салықтар, өсімпұлдар мен пайыздар есебіне енгізілген ақша аванстық төлем деп танылады.
Қазіргі уақытта кедендік тазарту кезінде алты кедендік төлемдер мен салықтардың түрі төлене алады», - деді қаржымин басшысы.

Осы Хаттаманы ратификациялау сыртқы экономикалық қызметке қатысушыларға уақыт үнемдеп, шығындарын қысқартуға мүмкіндік береді. Атап айтқанда:

- кедендік декларациялау үшін кедендік алымды, кедендік бажды, қосылған құн салығын, акцизді, арнайы, демпингке қарсы және өтемақы бажын төлеу үшін бірнеше төлем тапсырмаларын пайдалану қажеттілігіне байланысты шығындарды барынша азайту;

- қолда бар аванстық төлемдерді уақытша сақтау қоймаларында орналастыру, кедендік құнды растау, сараптама жүргізу кезінде және т. б. сол сияқты операциялар кезінде кедендік баждарды төлеу жөніндегі міндеттерді орындауды қамтамасыз ету үшін пайдалану;

- сыртқы экономикалық қызметке қатысушылар осы төлемдерді пайда болған берешекті өтеу үшін пайдалану мүмкіндігіне ие болады;

- бюджеттік сыныптама кодының әрбір түрі бойынша ақша қаражатының қалдықтарын жеке-жеке қадағалау қажеттілігі жоқ.

Кеден органы аванстық төлемдерді енгізген тұлғаның өтініші бойынша оған аванстық төлемдер ретінде енгізілген ақша қаражатының жұмсалуы туралы есеп береді.

Министр Е.Жамаубаев атап өткендей, аталған Хаттаманы ратификациялау біздің еліміз үшін әлеуметтік-экономикалық және құқықтық салдарға әкеп соқтырмайды және республикалық бюджеттен қаражат бөлуді талап етпейді.