Қаржы министрлігінің әдеп жөніндегі уәкілі қызметінің қыр-сырын ашып айтты

Қаржы министрлігінің әдеп жөніндегі уәкілі қызметінің қыр-сырын ашып айтты

Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің әдеп жөніндегі уәкілі Рустам АЙДАРХАНОВ мемлекеттік органдардағы әдеп жөніндегі уәкілдің міндетін, өз жұмысында қандай құралдарды қолданатындығы, қазақстандықтар қандай жағдайда шағымданатындығы және қазіргі таңда мемлекеттік қызметшілерге нендей талаптар қойылатындығы туралы айтып берді.

Әдеп жөніндегі уәкіл ретіндегі негізгі миссияңыз не деп есептейсіз?

- Менің миссиям - мемлекеттік қызмет және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы қолданыстағы заңнаманың негізгі ережелерін түсінікті, қолжетімді тілде түсіндіріп, іс жүзінде қолдануды көздейді. Мен министрліктің қызметкерлеріне көмек көрсетемін және біздің бөлімшелердің қызметіне жүгінген азаматтардың шағымдарын қарастырамын.

Мен Қаржы министрлігі департаменттерінің ұжымдарында кеңінен түсіндірме жұмыстарын жүргіземін, қызметкерлер мен азаматтардың өтініштері бойынша жеке консультациялық жұмыстар жүргіземін, сонымен қатар еңбек жанжалдары кезінде ішкі делдал ретінде қызмет етемін. Мемлекеттік қызметшілер кейде жаңашылдықтар туралы немесе заңнамадағы өзгерістер туралы білмеуі мүмкін, нәтижесінде қандай да бір ережені қолдану кезінде күмәндануы ықтимал. Менің міндетім - оларды ақпараттандыру және тұрғындармен байланыс орнату. Мұндай этикалық нормалар біздің министрлікте енгізіліп жатыр.

Мақсат - халықтың Қаржы министрлігіне және жалпы мемлекеттік органдарға деген сенімін арттыру. Қарым-қатынастың жаңа мәдениетін қалыптастыру, мемлекеттік қызметшілердің заңдарда белгіленген шектеулер мен тыйымдарды сақтауын бақылау және қадағалау, құқық бұзушылықтарға себеп болған жағдайларды талдау, сондай-ақ мемлекеттік қызметтің оң имиджін қалыптастыру мақсатында азаматтық қоғам институттарымен және басқа да мемлекеттік органдармен өзара іс-қимыл жасау менің құзыретіме кіреді.

Өңірлерге барғанда мемлекеттік қызметкерлер сізге қандай проблемалармен келеді? Оларды не қызықтырады?

- Әдетте, бұл- кадрлардың жетіспеушілігі, жұмыс міндеттерін орындау үшін техникамен қамтылуы, кей-кезде жекелеген қызметкерлердің іс-әрекеттері немесе басшылықпен қарым-қатынас салдарынан ұжымда жағымсыз жағдай қалыптасады. Қызметкерлер әлеуметтік төлемдер пакеті, оқыту, базалық жалақының жетіспеушілігі мәселелерін көтереді. Бір жерде жабдық ескірген, бір жерде ғимарат жөндеуді қажет етеді, олар басшылыққа назар аударуды сұрайды. Әр аймақтың қойылған сұрақтардың өзіндік сипаты бар.

Мәселен, мен жақында барған Түркістан аймағындағы әріптестерім облыс орталығын ауыстырған кезде олардың Түркістанда тұруға немесе тіпті үй жалдай алмайтындықтарын айтты. Себебі бұл өте қымбат. Олар күн сайын жұмысқа Шымкенттен қатынауға мәжбүр, ал бұл қымбат және уақыт жағынан тиімсіз. Олар жұмысқа тасымалдайтын арнайы көлік ұйымдастыруды, жалақыны көтеруді сұрады. Мысалы, әкімдік қызметкерлерінің жалақысы факторлық-баллдық шкала бойынша есептеледі, бұл оларға жауапкершілікті арттырғанымен, табыстарын да арттырады. Нәтижесінде олардың жалақысы біздің бөлімдердің қызметкерлерінен екі есе көп. Айырмашылық айтарлықтай.

Қарағанды ​​облысында өткен кездесулер кезінде біздің бөлімшелердің біріндегі басшылықтың әрекетіне наразылық айтылды. Ол қызметкерлерге жұмыс күнінің соңында жауапты тапсырма беруді әдетке айналдырып, аса қажеттілік болмаса да, жүйелі түрде жұмыстан кейін алып қалған. Маған араласуға тура келді.

- Осы күнге дейін Сіз қандай сұрақтарды шеше алдыңыз?

- Мен этика жөніндегі уәкіл болып алты ай бұрын, тамызда тағайындалдым, сондықтан маған үлкен жетістіктер туралы айту әлі ерте. Біз жұмыс барысында туындаған мәселелерді сол сәтте шешуге тырысамыз, азаматтардың мемлекеттік қызметшілердің әрекеттеріне шағымдарын сұрыптаймыз. Мысалы, бір жерде дөрекі жауап берді - қызметтік тергеу жүргізіледі, егер дерек расталса - біз қызметкерді тәртіптік кеңеске шақырамыз.

Облыстан оралғаннан кейін мен министрге сапарым туралы есеп жазамын. Жұмыс жағдайы қалай қалай, адамдар қандай сұрақтар қояды. Егер ғимарат тозығы жеткен болса және жөндеуді қажет етсе, министр Мемлекеттік мүлік және жекешелендіру департаментіне жөндеу жұмыстарын жүргізуді тапсырады. Егер қызметкерлер басшының дөрекілігіне шағымданса, министр мұны ескереді және кадрларды ротациялау кезінде назарға алады. Жалақы туралы сұрақ үнемі туындайды. Айтпақшы, министрлік басшылығы бұл мәселені қазірдің өзінде шешіп жатыр.

Қаржы министрлігі қызметкерлерінің жұмысының қай тұстары азаматтардың шағымдануына себеп болып жүр? Олардың өтініштері қаншалықты негізделген?

- Сұрақтар әдеттегідей, мемлекеттік органдармен өзара әрекеттесу кезінде адамдарды ашуландыратын мәселелер. Кейбір қызметкерлер бар, олар жұмыс көбейгенде, басшылықтың тапсырмаларын орындаған кезде, телефон тұтқасын көтермейді. Кейде олар дөрекі жауап береді. Кей азаматтар бар орынсыз сауалдармен кеңес алу үшін барлық телефон номерлеріне, барлық министрліктерге қоңырау шалып бастайды, содан кейін олар қызметтің тиісті деңгейде көрсетілмегеніне шағымданады.

Көпшілік Қаржы министрлігін банк секторының жұмысына жауапты деп санайды, содан кейін бізге реніштерімен шағымдарын айтып хабарласады: «Мен өз ақшамды мына банкке не депозитке салдым, бірақ дивидендтер мен сыйақылар уәде етілгендей түспеді. Реттеңіз!» Сондықтан бізге, Қаржы министрлігі салықты жинау және қазынаны толтыру, сондай-ақ республикалық бюджеттің шығыстарына жауап беретінін түсіндірумізге тура келеді. Екінші деңгейлі банкке қатысты мәселелердің барлығы - Ұлттық банктің құзырында.

Біздің министрлікке қатысты шағымдардың дені қызмет көрсетуге қатысты. Халық үшін әртүрлі және айтарлықтай сезімтал салаларда - салық салу, мемлекеттік сатып алу, мемлекеттік мүлік және жекешелендіру, ішкі мемлекеттік аудит, стратегиялық жоспарлар мен бюджеттеу, заңнама және қазынашылық салаларында жұмыс істейтін мемлекеттік орган болғандықтан, адами факторлар жиі кездеседі.

Биылғы жылы бізге негізінен мемлекеттік кірістер органдары қызметкерлеріне қатысты шағымдар келіп түсті. Тіпті нақты мамандарға емес, «салық дұрыс есептелмеген» дегендей фактілер бойынша. Әсіресе, автокөлік құралдарына салынатын салыққа наразылық көп. Осы жылы біз ішкі істер министрлігінің әкімшілік тәжірибесінің мәліметтер базасымен салыстыру және интеграциялауды жүзеге асыра бастадық және өткен жылдар туралы ақпарат пайда болды. Мұндай проблемалар көбіне сенім  хат бойынша көліктерін сатқан адамдар арасында туындады. Автокөлік сатып алушылар көлікті өз атына тіркеуге асықпайды, жүре береді, ал сатқан азаматтар  айыппұлдар мен салықтар оларға келе бастағанына наразы. Айтпақшы, Алматы қаласы бойынша МКД бірыңғай байланыс орталығын енгізу тәжірибесі өте тиімді болып шықты. Бұл адамдар үшін ыңғайлы - олар өз мәселелерін тез шешеді, қызметкерлер жүктемесі де азайды және шағымдар саны айтарлықтай кеміді.

Біздің министрліктің қызметшілерінің әрекеттеріне қатысты шағымдар ай сайын азайып келе жатқанын және бұл жағымды жаңалық екенін атап өткім келеді.

Шағымдармен жұмыс жасағанда қандай тексеру механизмін қолданасыз? Бұл қызметкерге жабылған жала емес екенін қалай түсінесіз?

- Шындық қашанда ашылады. Мұқият тыңдау, кейде бетпе-бет кездестіру жеткілікті. Шағын ішкі тергеудің нәтижесі бойынша шешім қабылданады.

Сіз әлеуметтік желілер мен бұқаралық ақпарат құралдарындағы қызметкерлердің орынсыз әрекеттері туралы ақпараттарды белсенді түрде бақылап отырасыз. Мұны қалай және не үшін жасайтыныңызды айтып беріңізші?

- Мемлекеттік қызметкерлерге қатысты жағымды немесе жағымсыз ақпараттарды бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланған материалдар арқылы қадағалаймын. Бұл жедел жауап беру, шара қолдану немесе қызметкерге алғыс айту үшін маңызды.

Мен әлеуметтік желілердегі қызметкерлердің аккаунттарын белсенді түрде зерттеймін, мемлекеттік қызметтің беделін түсіретін фотосуреттер, бейнематериалдар, түсініктемелер, сондай-ақ мемлекеттік қызметшінің сыртқы келбеті стандарттарын сақтау маңызды. Мысалы бір бөлімнің тізімін аламын, әдетте бұл 20-30 адам. Содан кейін, олардың парақшаларына дос ретінде тіркеліп,  зерттеймін. Егер қажеттілік байқасам, қызметкерге ұсыныстар беремін. Мысалы, кальян мен алкогольдік сусындармен фотосуретті алып тастаңыз деген секілді.

Сіздің ескертпелеріңізді адамдар қалай қабылдайды?

- Қалыпты. Олар бір қызметкердің әрекеті бүкіл министрліктің беделіне көлеңке түсіруі мүмкін екенін түсінеді. Сондықтан, мемлекеттік қызметші барлық істе ұстамдылық танытуы керек.

Сіздің жұмыс құралдарының бірі қызметкерлер арасында анонимді сауалнама жүргізу. Бұл тәсілді қаншалықты жиі өткізесіз және сауалнамалар арқылы не білуге ​​болады?

- Ұжымның жасырын сауалнамасы жылына екі рет қызметкерлердің қанағаттанушылығын түсіну және «ауырсыну нүктелерін» анықтау үшін мақсатты түрде өткізіледі. Егер кейбір Комитеттерде немесе аймақтық департаменттерде жағымсыз моральдық жағдай қалыптасып жатыр деген белгілер, ұжымдық шағым болса, біз моральдық-психологиялық ахуалдың нақты жағдайын білу үшін жоспардан тыс сауалнама жүргізе аламыз.

Жоспарланған сауалнама бізге көп жағдайлар бойынша өте сапалы зерттеу жүргізуге мүмкіндік береді. Сауалнамадағы сұрақтар бес блокқа бөлінген.

Ең алдымен, бұл мемлекеттік қызметшінің әріптестерімен қарым-қатынасын, оның көзқарасы мен ұжымда қалыптасқан моральдық жағдайды бағалауды сипаттайтын мәселелер.

Екіншіден, басшылықтың кәсіби және іскерлік сапаларын анықтаймыз: оның объективтілігі мен бейтараптылығы, қызметкерлерге деген құрметі, басшының өзі қызметтік этика нормаларын сақтауы және ұжымда қолайлы моральдық ахуал қалыптастыру үшін қолданатын шаралары.

Сондай-ақ, жұмыс процесін ұйымдастыру, жүктемені бөлу, еңбек нәтижелерін бағалау, еңбек стандарттарын сақтау және бәсекеге қабілетті рәсімдерді ұйымдастыру мәселелері кіреді.

Бесінші блок ұжымдағы қазіргі моральдық-психологиялық ахуал туралы қызметкерлердің пікірін көрсетеді.

Мысалы, осы жылдың басында сауалнама шеңберінде сауалнамаға қатысқан қызметкерлердің 40% -дан астамы өздерінің тікелей басшыларының оларды мерекеге және демалыс күндері жұмысқа шығуға мәжбүрлейтіндігіне наразылықтарын білдірді.

Ал сіз мұнымен күресіп жатырсыз ба? Осыдан бірнеше жыл бұрын мемлекеттік қызметкерлерде таңдау болмайтын. Дұрыс па бұрыс па шыдайсын, немес орнынды босатасын. Сіз жағдайды өзгертуге тырысасыз ба?

- 2015 жылдың желтоқсанында мемлекет басшысы Әдеп кодексін бекіту туралы жарлыққа қол қойды. Осы Заң мемлекеттік қызметшілердің, басшылардың да, орындаушылардың да жұмыс кезінде, қызметтен тыс уақытта, әріптестерімен қарым-қатынаста өзін-өзі ұстауын нақты реттейді. Менің жеке пікірімше, осы Жарлықтың қабылдануы төменгі лауазымдардағы мемлекеттік қызметшілердің өмірін едәуір жеңілдетті және жеке мүдделерін қызметтік мүдделерінен жоғары қоятын басшыларға шектеу қойды.

Мен жұмысшылар мен менеджерлерге, әсіресе жұмыс жүктемесі жоғары болған жағдайда, жұмыс кестесін қоса алғанда, заңнамалық тұрғыдан бекітілген нормаларды қатаң сақтау қажеттілігі туралы үнемі еске саламын. Әрбір қызметкердің отбасы, жақын адамдары болады және олармен сөйлесу үшін де уақыт қажет.

Қаржы министрлігі мұны бірнеше жылдан бері жасап келеді. Қызметкерлер жұмыс күні аяқталғаннан кейін жұмыста кешігіп қалмас үшін біз кеңселерде үнемі кешкі рейдтер өткіземіз. Жұмыс уақытының бұзылу фактілері анықталған жағдайда, жоғары тұрған лауазымды адамға ұсыным немесе шағым жіберіледі.

Бірақ жұмыстан бас алмайтындарға не деуге болады? Олар өздері жай ғана демалуды білмейтін секілді.

- Егер қызметкердің жекелеген амбициясы не көздеген мақсаты болса, ол үйде де  жұмыс істей алады. Ешкім тыйым салмайды. Дегенмен белгіленген жұмыс уақытында үлгерген дұрыс.

 

Сіздің тәжірибеңізде қызметкерлер әріптестерінің арасында сыбайлас жемқорлық немесе бопсалау фактілері туралы хабарлаған жағдайлар болды ма?

- Мен қызметкерлерден сыбайлас жемқорлық немесе әріптестерім арасындағы бопсалау фактілері туралы хабарламалар алған жоқпын. Олар басқа жолдармен ашылады. Қазіргі уақытта пара алуға бейім адамдар психометриялық тестілеу нәтижелері бойынша жұмысқа қабылдау кезеңінде анықталады.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл және Әдеп кодексін бұзу мәселелері бойынша мен этика жөніндегі уәкіл ретінде адами ресурстар департаментінің ведомстволық бақылау басқармасымен тығыз жұмыс істеймін. Егер осындай фактілер анықталса, қызметкерден жазбаша түсініктеме беруін сұраймыз. Егер ол келіспесе, бұзушылық фактісін растамаса, ведомстволық бақылау бөлімінен қызметтік тергеу жүргізуін сұраймын. Егер дәлелдер жеткіліктітболса, онда қызметкер комиссияның алдына шақырылады. Жазалау туралы шешім ұжымдық түрде қабылданады.

Менің түсінуімше, сіз ұжымда әлеуметтік медиациямен, еңбек дауларын шешумен айналысасыз. Бұл механизм Қаржы министрлігінде қалай жұмыс істейтінін айтыңызшы?

- Мен сізге мысал келтіремін. Біздің аумақтық бөлімшелеріміздің бірінің командасында қалыптаса бастаған күрделі моральдық-психологиялық ахуал туралы ақпарат алдық: құрылымдық бөлімше басшысы мемлекеттік органның басшысымен ашық қақтығысқа түсті.

Жағдайдың мән-жайын анықтау үшін, ұжыммен тілдеспес бұрын, мен жанжалға қатысқан барлық куәгерлер мен қызметкерлер арасында анонимді сауалнама жүргіздім. Сауалнама нәтижелері жағдайды және түсінбеушіліктің себебін анық көрсетті. Кездесуде әр қызметкер өз пікірін айтуға мүмкіндік алды, бұл туралы мемлекеттік қызметшінің Әдеп кодексінде не айтылғанын көрдік, қай жағдайда кімнің дұрыс не бұрыс әрекет еткенін түсініп, кешірім сұрады және жанжал шешілді.

Жалпы, Қаржы министрлігі қызметкерлері арасында қолайлы моральдық-психологиялық ахуал қалыптасқан, бұл атқарылып жатқан жұмыстың тиімділігіне ықпал етеді.

Егер сізге өтініш беру қажет болса, азаматтар мен қызметкерлер сізді қалай таба алады?

- Барлық құрылымдық бөлімшелер ғимаратына кіре берісте, ең көп жиналатын жерлерде және Қаржы министрлігінің сайтында Әдеп жөніндегі уәкілдің координаттары орналастырылған яғни аты-жөні, тегі, ұялы және қызметтік телефон нөмірлері көрсетілген. Байланысу үшін әлеуметтік желілерді де пайдалана аласыз. Хабарласыңыз! Көмегім тиіп жатса қуаныштымын.