
Жуырда Қазақстан Республикасының Қаржы вице-министрі Дәурен Кеңбеил Бангкок қаласында өткен Халықаралық валюта қоры мен Дүниежүзілік банктің жыл сайынғы күзгі кездесулеріне қатысып қайтты. Вице-министр халықаралық қаржы институттарының басшыларымен, жетекші әлемдік рейтингтік агенттіктердің және ірі инвестициялық ұйымдардың өкілдерімен кездесті. Оның барысында Қазақстанның қаржы-экономикалық дамуы, инвестициялық ынтымақтастықты нығайту жолдары және халықаралық қаржы нарығындағы өзара іс-қимыл мәселелері талқыланды. Айталық, Еуропалық қайта құру және даму банкінің (ЕҚДБ) президенті Одиль Рено-Бассомен болған кездесуде Дәурен Маратұлы ұйымның еліміздегі экономикалық реформаларды қолдап, ұлттық экономиканың бәсекеге қабілеттілігін арттыру мен орнықты дамуға бағытталған қолдауы маңызды екенін жеткізді. Тараптар Қазақстанға техникалық көмек көрсетуден бөлек, тұтастай екіжақты әріптестікті нығайтудың перспективасын пысықтап өтті. Дүниежүзілік банктің Еуропа және Орталық Азия өңірі бойынша вице-президенті Антонелла Бассанимен өткен кездесуде 2026-2030 жылдарға арналған жаңа Елдік әріптестік стратегиясы аясында Қазақстан Үкіметінің алдағы бес жылға арналған басымдықтары жөнінде, бірлескен перспективалы жобаларды іске асыру барысы, сондай-ақ білім мен тәжірибе алмасу саласында ынтымақтастықты арттыру жайлы айтылды. Ал Euroclear компаниясының басшылығымен қаржы саласындағы байланысты тереңдету, оның ішінде еліміздің қаржы құралдарын халықаралық нарыққа интеграциялау және мемлекеттік бағалы қағаздарды клирингтеу үдерісіне қатысты мәселелер қаралды. Сонымен қатар ірі халықаралық инвестициялық қорлар мен қаржы институттары өкілдерінің қатысуымен өткен Citi's Investment Roundtable инвестициялық дөңгелек үстелі аясында Қазақстанның экономикалық мүмкіндіктері жөнінде тарқатылды. Өз кезегінде Қаржы министрінің орынбасары еліміздің халықаралық қаржы институттарымен және инвесторлармен өзара іс-қимылды одан әрі дамытуға мүдделі екенін айтты. Бұл орайда инвестициялық қатынасты күшейту мен ұлттық экономикалық басымдықтарды ілгерілету жөніндегі жұмыс жалғастырылатынын айта кетейік.