Мемлекеттік қаржы жүйесін цифрландыру мен бюджет шығыстарының тиімділігін арттыру: Шымкентте халықпен кездесу өтті

Мемлекеттік қаржы жүйесін цифрландыру мен бюджет шығыстарының тиімділігін арттыру: Шымкентте халықпен кездесу өтті

ҚР Қаржы вице-министрі Дәурен Темірбеков Шымкент қаласының тұрғындарымен кездесіп, оның барысында ведомствоның жұмысындағы негізгі бағыттар жайлы әрі мемлекеттік қаржы саласының цифрлы трансформациясы жөнінде айтып, азаматтардың көкейкесті сұрақтарына жауап берді.

Кездесуге онлайн форматта қосылған азаматтардың бірге алғанда 500-ге жуық адам қатысты. Олардың қатарында қала тұрғындары, бизнес, қоғам және БАҚ өкілдері болды. Оның барысында мемлекеттік қолдау шараларын цифрландыру, білім беру және денсаулық сақтау жүйелерін қаржыландыру, мемлекеттік мүлікті басқаруды жетілдіру, сондай-ақ «Қазынашылық 2.0» және цифрлы теңге тетігін енгізу бойынша негізгі нәтижелер мен алдағы жоспарлар таныстырылды.

Бұған қоса бюджет қаражатының ашықтығы мен тиімділігін арттыруды көздейтін Bilimge бірыңғай порталының көмегімен білім беру саласындағы цифрлы қаржыландыру мәселесіне ерекше назар аударылды. Сондай-ақ медициналық қызметтерді қаржыландыруға арналған Qalqan біртұтас жүйесінің артықшылықтары туралы да айтылды.

Бұдан бөлек осы сапарда вице-министр азаматтарды жеке мәселелері бойынша да қабылдап, тікелей қаралған өтініштер бойынша тиісті түсініктемелер берді. Қосымша пысықтауды қажет ететін мәселелер назарға алынып, олар белгіленген тәртіппен қаралатын болады.

Сонымен қатар БАҚ өкілдеріне брифинг ұйымдастырылып, Д.Темірбеков журналистердің сұрақтарына жауап берді.

Кездесу ашық диалог форматында өтіп, бұл Қаржы министрлігінің қызметіне қатысты өзекті мәселелерді талқылауға, сондай-ақ әрмен қарай пысықтауды талап ететін бағыттарды айқындауға септігін тигізді.