
ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Қаржы министрлігінің өкілдері мемлекеттік мүлікті басқарудың цифрлы трансформациясы мен e-Qazyna.kz платформасын дамыту бағытындағы жұмыс жөнінде айтып берді.
Қолға алынған жұмыстар туралы ҚР ҚМ Мемлекеттік мүлік және жекешелендіру комитетінің төрағасы Нұрмахан Әділбеков пен «Ақпараттық-есепке алу орталығы» АҚ басқарма төрағасы Жанасыл Оспанов тізбектеп берді. Ведомство өкілдері айтқандай, биылғы Цифрландыру және жасанды интеллект жылында мемлекеттік активтерді басқару саласында цифрлы құралдарды одан әрі жетілдіру жұмыстары жалғастырылып келеді.
Мәселе, e-Qazyna платформасында бүгінде 40 цифрлы сервис қамтылған. Олардың қатарында мемлекеттік және квазимемлекеттік ұйымдарды есепке алу, электронды сауда-саттық, жекешелендіру, мемлекеттік мүлікті жалға және сенімгерлік басқаруға беру, мемлекеттік меншікті мониторингтеу және басқа да процестер бар.
Негізгі міндеттердің бірі – мемлекеттік активтерді бытыраңқы есепке алудан e-Qazyna.kz базасындағы біртұтас цифрлы жүйеге көшіру. Бұл бағыттағы жұмыс 2029 жылға дейінгі жол картасы аясында атқарылады. Осы жұмысқа сәйкес мемлекеттік мүлік нысандары мен басқару субъектілерінің цифрлы бейіндері қалыптастырылып жатыр. Олар активтердің бүкіл өмірлік циклін бақылап, нысандардың өзекті фотосуреттері мен географиялық координаттарын, сондай-ақ болашақта ғарыштық мониторинг деректерін пайдалануға мүмкіндік береді.
Мемлекеттік және квазимемлекеттік сектордағы мүлікті цифрлы есеп-қисабына да ерекше мән беріліп келеді. Аталған бағытта «бұлтты» бухгалтерияны енгізу, e-Qazyna-ны «е-Қаржымині» жүйесімен интеграциялау, сондай-ақ квазимемлекеттік сектор субъектілерінің мүлкін ішкі корпоративті есепке алуды автоматтандыру жоспарланған.
Ұлттық және стратегиялық ресурстарды есепке алуды цифрландыру жұмыстары да нығайып жатыр. Перспективада Мемлекеттік тізімнің бірыңғай цифрлы базасында жер және су ресурстары, орман қоры, жерасты сулары, көмірсутек және қатты пайдалы қазбалар кен орындары туралы мәліметтерді автоматты түрде есепке алу көзделіп отыр.
Жүйені дамытудың келесі кезеңі жасанды интеллект және Big Data технологияларын енгізумен байланысты. Оларды қолдану тиісті нысандардың тозғанын болжауға, мүлікті тиімсіз пайдалану белгілерін анықтауға, сондай-ақ мемлекеттік активтерді күтіп-ұстау мен жаңғыртуға арналған шығыстарды неғұрлым дәл жоспарлауға предиктивті аналитиканы пайдалануға жол ашады.
Мемлекеттік мүлік және жекешелендіру комитетінің 79 функциясының 36-сы цифрландыруға әлеуеті зор. Бүгінде олардың 26-сы, яғни 72 пайызы автоматтандырылған. Биыл III тоқсанда тағы 8 функцияны қанатқақты режімде автоматтандыру жоспарланып отыр. Олардың қатарында акционерлік қоғамдар мен серіктестіктердің басқару органдарында электронды дауыс беру, сондай-ақ мемлекеттік кәсіпорындардың жарғылары мен баланстарын бекіту бар.
Баланс ұстаушының цифрлы бейіні де кезең-кезеңмен енгізіледі. 2026 жылы оған ғимараттар мен құрылыстар, 2027 жылы жер учаскелері, ал 2028–2029 жылдары көлік, жабдықтар және басқа да актив түрлері енгізіледі.
Жоғарыда аталған платформаны дамыту мемлекеттік мүлікті басқарудың бірізді цифрлы экожүйесін қалыптастыруға бағытталған. Бұл мемлекеттік активтерді пайдалану тиімділігін арттырып, оларды басқарудан түсетін кірістерді ұлғайтуға және күтіп-ұстауға жұмсалатын шығындарды оңтайландыруға оң әсер етеді.