
Қазақстанда мемлекеттік ұйымдардың жұмысындағы бюджет заңнамасының сақталуын бақылауда қашықтан мониторинг жүргізу мен тәуекелдерді бағалау тетіктері кеңінен қолданылып келеді. Бұл тәсіл болжамды кемшіліктерді дер кезінде анықтап, алдын алу шараларын уақтылы қабылдауға мүмкіндік береді.
Осы бағыттағы негізгі құралдардың бірі – тәуекелдерді басқару жүйесі. Аталған тәсіл мемлекеттік ұйымдардың қаржылық және бухгалтерлік операцияларын онлайн режімде талдап, бюджет қаражатын пайдалану кезінде туындауы мүмкін сын-қатерді анықтауда септігі мол.
Бұл жұмысты ҚР ҚМ Ішкі мемлекеттік аудит комитеті атқарып келе жатқанын айта кетейік. Биыл комитет бюджеттің шығыс бөлігіне онлайн-мониторинг жүргізумен қатар бухгалтерлік операциялардың талдау ауқымын да кеңейтті. Айталық, бүгінде қашықтан жасалатын мониторингпен 14 мың мемлекеттік ұйым қамтылған. Тәуекелдерді басқару жүйесі жалпы сомасы 22 трлн теңгеден асатын 598 млн астам бухгалтерлік операцияға талдау жасауға оң әсер етті. Нәтижесінде, анықталған тәуекелдерге сәйкес бюджеттік бағдарламалар әкімшілеріне шамамен 166 млрд теңгеге хабарламалар уақтылы жолданды. Оның ішінде 141 млрд теңгенің тәуекелі дер кезінде жойылды.
Мұндай тәсілдің басты артықшылығы – қаржылық есеп қалыптастырылғанға дейін тікелей есепке алу процесінде әрекет етуге жол ашылады.
Анықталған кемшіліктерді тиісті ұйымдар деректер қаржылық есепке енгізілместен бұрын олардың активтер, міндеттемелер мен қаржылық нәтижелер туралы ақпараттың дәйектілігіне әсер етпей тұрған кезінде реттей алады. Әсіресе бұның республикалық бюджетке байланысты шоғырландырылған қаржылық есепті қалыптастыру кезінде маңыздылығы жоғары.
«Цифрлы деректер есепке алудың жай-күйін нақты уақыт режімінде көруге әсер етеді. Бұған дейін қандай да бір кемшілік тіркелгеннен кейін анықталып жататын. Қазір мемлекеттік ұйымдардың қаржылық бұзушылықтарға, бюджет қаражатының тиімсіз жұмсалуына және мемлекетке экономикалық залал тигізуі мүмкін әрекеті немесе бейәрекетін уақтылы тежеуге болады», деді Ішкі мемлекеттік аудит комитетінің төрағасы Ержан Мыңжасаров.
Осы орайда цифрлы мониторинг биыл қабылданған «Қазақстан Республикасында ішкі мемлекеттік аудитті дамытудың 2030 жылға дейінгі тұжырымдамасы» аясында нығайтылып келе жатқанын атап өткен жөн. Осыған сәйкес тәуекелге бағдарланған тәсілді, деректерді талдау мен превентивті бақылауды одан әрі дамыту көзделген. Ал келесі кезеңде ІМАК-нің цифрлы құралдарын біртұтас аналитикалық ортаға интеграциялау межеленген.
Осы мақсатта Smart Audit Qazaqstan (SAQ) мемлекеттік аудиттің интеграцияланған аналитикалық ақпарат жүйесін іске асыру қолға алынды.
Аталған шешім 2026–2028 жылдары кезең-кезеңімен енгізіліп, көлемді мәліметтерді талдау мен жасанды интеллект технологияларын қолдану көзделген. Жобаның бірінші кезеңін 2027 жылдың басында аяқтау жоспарланып отыр.
Бүгінде комитеттің цифрлы құралдары болжамды сын-қатерді ерте анықтап, олардың алдын алуға бағытталған мониторинг мүмкіндіктерін кеңінен қолдануға көмектесіп келеді.