Қаржы вице-министрі Алматы облысының тұрғындарымен кездесті

Қаржы вице-министрі Алматы облысының тұрғындарымен кездесті

ҚР Қаржы вице-министрі Ержан Біржанов Қонаев қаласында Алматы облысының халқымен кездесті. Іс-шараға өңір тұрғындары, бизнес және БАҚ өкілдері қатысты. Оның барысында салық және кеден заңнамасы, цифрлы сервистерді дамыту, сондай-ақ азаматтар мен бизнестің көкейкесті мәселелері талқыланды. Алматы облысы әкімінің бірінші орынбасары Қанат Есболатов халықпен арадағы өзара байланыстың және азаматтар мен кәсіпкерлердің мүдделерін қозғайтын мәселелерді бірлесіп талқылаудың маңыздылығын атап өтті. Салық реформасына сәйкес фискалды модельден салықты басқарудың сервистік моделіне біртіндеп көшу көзделген. Айталық, рәсімдерді жеңілдетіп, цифрлы сервистерді дамытуға, тәуекелге бағдарланған бақылау әдістерін қолдануға және адал бизнеске әкімшілік жүктемені азайтуға баса мән берілмек. Негізгі өзгерістердің қатарында — салық пен бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер санын 20%, салық есептілігін 30% азайту, арнайы салық режімдерін және салық берешегін өндіріп алу тәртібін оңтайландыру, сондай-ақ инвестициялық белсенділікті ынталандыру шаралары бар. Бұдан бөлек көпшілікке Алматы облысының жергілікті бюджетіне түсетін түсімдер динамикасы көрсетілді. Биыл қаңтар–тамыз аралығында (трансферттерді есепке алмағанда) жергілікті бюджеттің меншікті кірісі 475,3 млрд теңгеге жетті. Бұл 2025 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 60 млрд теңгеге немесе 14,4% көп. Жергілікті бюджетке түсетін салық түсімдерінің көлемі былтырғы қаңтар–тамыз кезеңіне қарағанда 49 млрд теңгеге ұлғайып, 445,3 млрд теңгеге артқан. Өсім қарқыны - 112,4%. Өңірдегі кәсіпкерлікті дамытуға ерекше көңіл бөлінген. Биылғы қыркүйектегі жағдайға сүйенсек, Алматы облысында 248 583 кәсіпкерлік субъектісі тіркелген. Жыл басынан бері олардың саны 78 213 өсті. Сонымен қатар Ержан Ерікұлы мемлекеттік кірістер органдарының цифрлы трансформациясы туралы да айтып берді. Мәселен, СӘИЖ, KEDEN, Smart Data Finance және «ЭШФ» ақпараттық жүйелері салық және кеден қызметін басқарудың жаңа архитектурасын қалыптастыруға септесті. Озық жүйелер құжаттар мен төлемдерді өңдеу мерзімдерін қысқартуға және салық төлеушілермен өзара іс-қимылдың проактивті сервистік моделіне көшуге мүмкіндік береді. Вице-министр жүргізіліп жатқан реформаның негізгі мәні іскер орта және халықпен тұрақты диалогты нығайтуда екенін жеткізді. Осы бағытта Қаржы министрлігі және МКК жұмыс кездесулері мен қоғамдық талқылаулар өткізіп келеді. Еркін форматта өткен кездесуде облыс тұрғындары өз сауалдарын қойып, тұшымды жауап алды. Кездесу қорытындысы бойынша Е.Біржанов көтерілген мәселелер мен іс-шара барысында келіп түскен ұсыныстарды пысықтауды тапсырды. Жекелеген бағыттар бойынша мүдделі тараптардың қатысуымен қосымша жұмыс кездесулері ұйымдастырылатын болады.