Қазақстан Дүниежүзілік кеден ұйымымен цифрлы кеден, жедел транзит және кадрларды дайындау бағытында әріптестікті кеңейтіп келеді

Қазақстан Дүниежүзілік кеден ұйымымен цифрлы кеден, жедел транзит және кадрларды дайындау бағытында әріптестікті кеңейтіп келеді

Қазақстан Еуразиядағы негізгі транзит арналарының бірі ретіндегі басымдығын бірізді түрде  нығайтып жатыр. Жүк ағындарының өсімін ескерсек, кеден қызметінде екі мәселеге, атап айтқанда заңды жүктерді жедел өткізу мен сын-қатерді дәл анықтауға ерекше мән берген жөн. Осы және өзге де перспективалы бағыттар Астанада Дүниежүзілік кеден ұйымының (ДКҰ) бас хатшысы Иэн Сондерспен болған кездесуде талқыланды.

Алдымен Иэн Сондерсті Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қабылдап, содан кейін ұйым жетекшісі ҚР Премьер-министрі Олжас Бектеновпен кездесті.

Қазақстан 1992 жылдан бастап Дүниежүзілік кеден ұйымының (ДКҰ) мүшесіне айналды. Осы уақыт ішінде екіжақты ынтымақтастық халықаралық кеден құралдарына қосылудан бастап еліміздің өңірлік бағдарламаларды ұйымдастыру және іске асыру органдарының жұмысына белсенді түрде қатысуға дейін нығайды.

Аталған ұйыммен өзара әріптестікті күшейту жолдары ҚР Қаржы министрі Мәди Такиев және Мемлекеттік кірістер комитетінің төрағасы Жандос Дүйсембиевпен өткен кездесуде жан-жақты қаралды. Тараптар цифрландыру, транзит дәліздерін дамыту, рәсімдерді жеңілдету мен кедендік басқаруды дамыту сынды бағыттарда байланысты арттырудың практикалық тетіктерін талқылады.

Қаржы министрінің қатысуы кездесуге кешенді ведомствоаралық сипат беріп, кеден органдары қызметінің қазіргі мәселелерімен қатар өзара іс-қимылдың стратегиялық бағыттарын да қарауға мүмкіндік берді. Бұған қоса Мемлекеттік кірістер комитетінің ақпараттық жүйелеріне де ерекше мән берілді. Бас хатшыға декларация және транзит кезінде цифрлы шешімдердің қалай қолданылатыны, мемлекеттік органдармен және шетелдік кеден қызметтерімен деректермен алысу, тәуекелдерді басқару, үлкен деректерді талдау және жасанды интеллектті пайдалану тәсілдері таныстырылды.

Цифрландырудың практикалық нәтижелері қазірдің өзінде нақты көрсеткіштермен өлшеніп келеді. Биылғы бірінші жартыжылдықтың қорытындысы бойынша тауарларға арналған декларациялардың шамамен 60,5% автоматты түрде шығарылды. Транзиттік декларациялар бойынша 80% кедендік бақылау түрлерін қолданбай рәсімделді. Мемлекеттік кірістер комитеті ЖИ құралдарын қолдана отырып, инспекциялық-тексеру кешендерінің  рентген суреттері бойынша тексеру технологияларын сынақтан өткізіп келеді. Қазақстан халықаралық стандарттарды, аналитикалық бағаны және ДКҰ практикасын ескере отырып бұл шешімдерді одан әрі дамытуға басымдық беруде.

И.Сондерс еліміздің кедендік басқаруды цифрландыру бағытындағы жұмысын оң бағалады. Екі жақ цифрлы шешімдер, тәуекелдерді басқару және жасанды интеллектіні пайдалану бойынша практикалық өзара іс-қимылды кеңейтуге уағдаласты. Бұл жұмыста ДКҰ Қазақстан үшін халықаралық қағидаларды әзірлеу алаңы ретінде ғана емес, сонымен қатар сараптама, оқыту, халықаралық тәсілдерді сынақтан өткізу және мамандарды даярлауда әдіснамалық дерек көздер мен техникалық қолдау тетігі ретінде де маңызды.

Қазақстан үшін транзит бағыты айрықша маңызды. Еліміздің транзит әлеуетін дамыту үшін кедендік рәсімдерді жеңілдетіп, басқа мемлекеттермен тікелей түрде құжаттарды цифрлы түрде алмасу жолға қойылып келеді. Мұндай жұмыс Өзбекстанмен, Қытаймен және Әзербайжанмен қазірдің өзінде жүргізіліп жатыр. Алдын ала ақпаратпен электронды форматта алысу жүк туралы мәліметті ол келгенге дейін алуға, тәуекелдерді алдын ала бағалауға және кеден процедурасынан өту уақытын қысқартуға мүмкіндік береді.

Еліміз Өзбекстанмен бірлесіп кеден қызметтерінің тікелей өзара іс-қимылын көздейтін «Үздіксіз транзит» қанатқақты жобасын әзірлеуге кірісті. Қытаймен ақпарат өзара іс-қимыл екіжақты хаттамалар негізінде дамып келеді. Дүниежүзілік кеден ұйымы Қазақстанға осындай рәсімдерді жетілдіруде және шекарадан өту уақытын өлшеу мен қысқартуға халықаралық тәсілдерді қолдануда әдістемелік көмек көрсетіп келеді.

Бұл мәселеде елордадағы ДКҰ Өңірлік оқу орталығының орыны да ерекше. Ол 2009 жылдан бері Мемлекеттік кірістер комитетінің базасында жұмыс істеп тұр және онда Қазақстан мен өңірдің басқа елдері кеден қызметінің мамандары ДКҰ сарапшыларынан білім алып, тәжірибемен алмасады және өз мамандарын даярлайды.

2024-2026 жылдары бұл орталықтың алаңында 12 іс-шара өткізілді: үшеуі - 2024 жылы, бесеуі - 2025 жылы және төртеуі - 2026 жылы. Олар контейнерлік тасымалдауды бақылау, тәуекелдерді басқару, тауарларды шығару уақытын зерттеу, зияткерлік меншікті қорғау, Орталық Азия мен Кавказдағы қауіпсіздік, үйлестірілген жүйе және стратегиялық тауарлармен сауданы бақылау тақырыптарын қамтыды. Сонымен қатар 2024 жылы Астанада сегіз елдің қатысуымен тәуекелдерді басқару бойынша арнайы мамандарды даярлаудың өңірлік бағдарламасы іске қосылып, биыл сәуірде оның соңғы бесінші отырысы өтті.

Қазақстан арнайы жаттықтырушыларды бірлесіп даярлауды жалғастыруды, экспорттық бақылау және қос мақсаттағы тауарлар бойынша мамандандырылған оқу курстарын дамытуды, сондай-ақ өңірде заманауи цифрлы және тәуекелге бағдарланған тәсілдерді тарату үшін орталықтың әлеуетін пайдалануды ұсынды.

Кездесудің қорытындысына сәйкес тараптар өзара ынтымақтастықты дамытуға мүдделі екендерін растады: кеден заңды сауда үшін жылдам әрі бақылауға дәл болуы керек. Қазақстан үшін ДКҰ арадағы әріптестік – транзит әлеуетін дамытудың, халықаралық стандарттарды енгізудің және жүктердің шекарадан барынша шығынсыз және қауіпсіздік деңгейін төмендетпей  өткізуге мүмкіндік беретін цифрлы шешімдердің практикалық тетігі болып саналады.