ҚР Қаржы министрлігі салық жеңілдіктерін есепке алуды көздейтін ауқымды цифрландыру жұмысына кірісті. Бұл өзгерістің негізгі мақсаты – бизнеске арналған мемлекеттік қолдауды түсінікті, ашық, сондай-ақ экономикалық тұрғыдан нәтижелі әрі тиімді жолға қою.
Елімізде біртұтас мемлекеттік цифрлы деректер базасы – Салық жеңілдіктерінің тізімін құру басталды. Аталған жоба бюджеттен түсетін кірістері түріндегі мемлекеттік қолдау шаралары туралы ақпаратты толық жүйелеуге мүмкіндік береді. Тізім Baqylauda.qoldau.kz веб-порталында жүргізіледі.
Жаңа сервис салық жеңілдіктерін ұсыну туралы шешімдердің негізді болуын арттыруға оң әсер етеді.
Салалық мемлекеттік органдардың салық жеңілдігін енгізу жөніндегі барлық негіздемесі цифрлы форматқа көшіріліп, ал жеңілдіктерді қолдану мақсаттарының белгіленген өлшемдері жауапты органдарға берілген салық жеңілдіктерінің нәтижелігі мен тиімділігін бағалауға септігін тигізеді.
Қолданыстағы қағидаларға сәйкес тиісті өлшемшарттар келесідей:
1) Бюджеттік тиімділік (алынған салықтардың салық жеңілдігі мөлшеріне сәйкестігі);
2) Тұрақты жұмыс орындарының ашылуы мен сақталуы;
3) Өндіріс пен экспорттың өсімі;
4) Инвестициялардың салық жеңілдіктеріне өзара байланысты;
5) Инновациялық пен технологиялық даму.
Бұл ретте кез келген жеңілдіктің нақты пайдасын байқау үшін құзырлы органдар ресми статистикадан бөлек мемлекеттік және жеке сектордағы цифрлы жүйелердің бастапқы деректерін де пайдаланатынын айта кетейік. Осы бағытта Baqylauda. qoldau.kz платформасы 70-тен аса есепке алу және фискалды деректер базасымен, сол секілді цифрлы жүйелермен интеграцияланған.
Осы арқылы қажетті процесті бақылау жеңілдей түседі. Атап айтқанда, салық жеңілдіктерінің тиімділігіне сапалы мониторинг жүргізіп, бағалау оңтайлы болады.
Яғни, бизнеске барынша түсінікті жұмыс істеу қағидалары жолға қойылады. Демек экономиканың тиісті салаларында кәсіпкерлер салық төлеп, өндірісті дамытумен қатар қаражат тартып, инновациялар мен технологияларды енгізіп жатса, онда салық жеңілдіктері де нәтижелі әрі тиімді бағаланады. Жағдай мүлдем басқаша өрбитін болса, онда қажетті жеңілдікті ұсыну мәселесі қайта зерделенеді.
Аталған цифрлы тізім тек тиісті ақпаратты есепке алуды көздейтінін ескерсек, жеңілдіктер алуға қосымша кедергілер туындамайтынын атап өткен жөн. Тұтастай алғанда, қажетті ақпаратты жинау толығымен цифрлы және проактивті түрде жүзеге асырылады. Осылайша, бизнес анықтамалар, көшірме құжат пен басқа да есептілікті жинап, түгендеуге алаңдамайтын болады. Мұның барлығын салық қызметі дербес түрде жинап, өңдейді.
Ведомство өкілдері айтқандай, барлық жаңашылдық – Әділетті Қазақстан қағидаттарын іске асырудағы кезекті қадам. Түптеп келгенде, азаматтар бизнеске арналған жеңілдіктерге қатысты бюджеттен алынбаған салықтар жойылмайтынына, керісінше инвестициялар өсіп, жаңа жұмыс орындары ашылып, өндіріс пен экспорт ұлғайып, жаһандық бәсекелестік жағдайында отандық кәсіпкерлердің ұлттық экономиканың дамуына жұмыс істеп жатқанына сенімді бола алады.
Аталған өзгеріс ресми түрде жарияланғаннан соң он күн өткеннен кейін күшіне енеді. Салық жинақтары ел игілігіне жұмсалып, ал озық жүйе бұл бағыттағы бақылаудың негізгі тетігіне айналады.