
Биылғы бірінші жартыжылдықта республикалық бюджеттің кірісі 100,6% орындалды ҚР Үкімет отырысында 2026 жылдың бірінші жартыжылдығындағы бюджеттің орындалу нәтижелері қаралды. Алты айда атқарылған жұмыс қорытындысы туралы ҚР Қаржы министрінің м.а. Ержан Біржанов айтып берді. Айталық, трансферттерді есептемегенде республикалық бюджеттің кірісі 8,5 трлн теңгеге жетіп, жоспар 100,6% орындалды. Былтырғы кезеңмен салыстырғанда кіріс көлемі 1,7 трлн теңгеге немесе 24,6% ұлғайды. Салық түсімдері 8,3 трлн теңгеге жетіп, жоспар 100,3% артты. 2025 жылдағы бірінші жартыжылдықпен салыстырғанда олардың көлемі 29% асты немесе 1,9 трлн теңгеге көбейгенін айта кету керек. Кірістердің өсіміне сыртқы нарықтағы жайлы экономикалық ахуал мен сыртқы саудадағы белсенділіктің нығаюы, сондай-ақ салық базасының кеңеюі мен салық және кеден саласындағы басқару тиімділігінің артуы әсер етті. Қаржы министрлігінің қызметіндегі басымдыққа ие бағыттардың бірі – экономиканың ашық секторын кеңейту. Мәселен, «Халық бухгалтері» акциясы аясында 61 мыңнан астам салық төлеушіге консультациялық көмек көрсетілді. «Таза парақтан» бастамасы аясында 19 мың шағын және микробизнес субъектісінің 9,3 млрд теңге көлеміндегі өсімпұлы мен айыппұлы есептен шығарылды. Сонымен қатар осы кезеңде шамамен 546 мың жеке тұлға тіркеуге алынып заңдастырылды. Өзін-өзі жұмыспен қамтығандарды қоса алғанда, бизнес субъектісінің көлемі жыл басынан бері 499 мыңнан асып, 2,9 млн-ға жетті. Қосылған құн салығын төлеушілердің қатары 22,3 мыңға артып, 158,2 мыңдай болды. Бұдан бөлек Үкімет 2026–2028 жылдарға арналған көлеңкелі экономикаға қарсы іс-қимыл жөніндегі кешенді жоспарды бекітті. Кедендік инфрақұрылымды жаңғырту және кедендік рәсімдерді цифрландыру бағытындағы жұмыстар да оң нәтиже беріп келеді. Жаңғыртылған өткізу пункттерінен өткен автокөлік құралдарының саны былтырмен салыстырғанда 18% ұлғайып, шамамен 900 мыңға жетті. Кеден төлемдері 2,4 трлн теңгеге артып, 2025 жылмен салыстырғанда өсім 400 млрд теңгеге асқаны байқалған. «Өткізу пункттерін жаңғырту бюджет кірісін ұлғайтып, адал бизнеске жайлы жағдай қалыптастыруға және еліміздің транзит әлеуетін нығайтуға мүмкіндік берді. Келесі кезеңде кедендік процестерді одан әрі цифрландыру мен жасанды интеллект технологияларын енгізу жұмыстары жалғасады», деді Ержан Ерікұлы. Мемлекеттік бюджет шығыстары 98,2%, ал республикалық бюджет шығыстары 99,6% орындалды. Зейнетақы мен жәрдемақыға 3,6 трлн теңге, өңірлерді қолдауға 3 трлн теңге, нақты секторды қолдауға шамамен 1,3 трлн теңге бағытталды. Мемлекеттік аудиттің тиімділігін арттыру жұмыстары жалғасып жатыр. Биыл 1,8 трлн теңге көлемінде бюджет қаражатын қамтыған 541 аудиторлық іс-шара өткізілді. Нәтижесінде 456 млрд теңгеге қаржылық кемшілік анықталып, шамамен 318 млрд теңге көлеміндегі бұзушылық жойылды. Бұған қоса мемлекеттік аудит саласында SMART AUDIT QAZAQSTAN біртұтас аналитикалық платформасы әзірленіп жатыр. Әлеуметтік саланы цифрландыруға да ерекше мән берілген. Бүгінде мемлекеттік және жекеменшік мектептердің 78% цифрландырылды. Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры арқылы қаржыландырылатын барлық медициналық ұйым Qalqan бірыңғай порталына қосылды. Қаржы министрлігі мемлекеттік қаржы жүйесінің орнықтылығын қамтамасыз ету, бюджеттің кірісін нығайту мен Мемлекет басшысының тапсырмаларын сапалы іске асыру бағытындағы кешенді жұмысты жалғастыратын болады.