Жекеменшік мектептерді қаржыландыру мәселесі бойынша брифинг өтті

Жекеменшік мектептерді қаржыландыру мәселесі бойынша брифинг өтті

Бүгін Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде Қазақстан Республикасы Қаржы вице-министрі Дәурен Темірбековтің қатысуымен «Жекеменшік мектептерді қаржыландыру: ашықтық стандарттары, бақылау және қоғамдық қадағалау» тақырыбында брифинг өтті.

Вице-министрдің айтуынша, жекеменшік мектептер желісінің дамуы оқушы орындарының тапшылығын едәуір азайтып, мемлекеттік мектептерге түсетін жүктемені төмендетуге мүмкіндік берді. Сонымен қатар, саланың қарқынды дамуы бұрын қолданылған қаржыландыру тетігінің кемшіліктерін айқындап, бюджет қаражатын бөлу тәсілдерін қайта қарауды және бақылауды күшейтуді талап етті.

Дәурен Темірбеков Қаржы министрлігі мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп Bilimge, OrtaBilim және e-Qazyna платформалары негізінде жаңа цифрлық қаржыландыру тетігін енгізгенін атап өтті. Жүйе деректерді автоматты түрде тексеруді қамтамасыз етеді, қолмен есептеулерді болдырмайды, мемлекеттік ақпараттық жүйелермен интеграцияланған және бюджет қаражатының қозғалысын барлық кезеңде бақылауға мүмкіндік береді.

Вице-министрдің мәліметінше, 2025 жылдың қорытындысы бойынша цифрлық платформа арқылы жалпы сомасы 76 млрд теңгеге 785 білім беру нысаны қаржыландырылды. Нәтижесінде бюджет қаражатының 8 млрд теңгесі немесе бастапқы жоспарланған қаржыландыру көлемінің 9,6%-ы үнемделді.

2026 жылдың қаңтар–мамыр айларында 749 білім беру нысаны бойынша жалпы сомасы 100,7 млрд теңгеге орындалған жұмыстардың актілері төленді. Жаңа қаржыландыру тетігінің арқасында бюджет қаражаты 59,3 млрд теңгеге үнемделді.

Дәурен Темірбековтің айтуынша, Қаржы министрлігінің Ішкі мемлекеттік аудит комитеті жүргізген аудит нәтижесінде 13 млрд теңгеден астам сомаға бұзушылықтар анықталды. Атап айтқанда, қосымша оқушы орындарына қажеттілік жоқ өңірлердегі нысандарды қаржыландыру, білім алушылар санын негізсіз арттыру, құрылыс және реконструкция жұмыстары бойынша негізсіз төлемдер жасау, сондай-ақ білім беру қызметіне қойылатын талаптарға сәйкес келмейтін мектептерге мемлекеттік білім беру тапсырысын орналастыру фактілері анықталған.

Осындай бұзушылықтардың алдын алу мақсатында мемлекеттік ақпараттық жүйелермен деректерді автоматты түрде салыстыру және білім алушылар контингентіне нақты уақыт режимінде мониторинг жүргізу енгізілді. Сонымен қатар, мемлекеттік білім беру тапсырысын орналастыру жөніндегі өкілеттіктер жергілікті атқарушы органдарға берілді. Бұл әрбір өңірдің нақты қажеттілігін ескеруге мүмкіндік береді.

Сондай-ақ Дәурен Темірбеков 2026 жылғы 1 қаңтардан кейін пайдалануға берілген жекеменшік мектептерде мемлекеттік білім беру тапсырысын орналастыруға мораторий енгізу туралы шешім қабылданғанын хабарлады. Ал 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап білім беру қызметіне арналмаған ғимараттарда жұмыс істейтін жекеменшік мектептерде мемлекеттік білім беру тапсырысы орналастырылмайды.

Брифинг соңында вице-министр алдағы уақытта Қаржы министрлігі цифрлық қаржыландыру моделін мектепке дейінгі, техникалық және кәсіптік, сондай-ақ жоғары білім беру салаларына, оның ішінде шәкіртақы төлеу мен студенттерді жатақханамен қамтамасыз ету бағыттарына кезең-кезеңімен енгізуді жоспарлап отырғанын атап өтті. Оның айтуынша, бұл бюджет қаражатын пайдаланудың тиімділігін арттыруға, қаржыландырудың ашықтығын қамтамасыз етуге және білім беру саласындағы мемлекеттік бақылауды күшейтуге мүмкіндік береді.