
Қазақстан Республикасы Қаржы вице-министрі Әсет Тұрысов Орталық коммуникациялар қызметі алаңында мемлекеттік қаржыны цифрлық трансформациялау барысы мен Қаржы министрлігінің негізгі цифрлық жобалары туралы баяндады.
Бүгінде цифрландыру ведомство қызметінің барлық бағытын қамтиды: салықтық және кедендік әкімшілендіруден бастап бюджеттік жоспарлау, мемлекеттік шығыстарды мониторингтеу, мемлекеттік мүлікті басқару және мемлекеттік аудитке дейін.
Негізгі нәтижелердің бірі Мемлекеттік кірістер комитетінің жаңа цифрлық архитектурасын қалыптастыру болды. Тәуелсіз IT-аудит қорытындысы бойынша ақпараттық жүйелер саны 14-тен 5 негізгі платформаға дейін қысқартылды. Бұл заманауи микросервистік архитектураға көшуге, үлкен деректерді өңдеуді қамтамасыз етуге және жасанды интеллект технологияларын енгізуге негіз қалады.
Салықтық әкімшілендіруді дамыту аясында бұрын бөлек жұмыс істеген жеті жүйені біріктірген Салықтық әкімшілендірудің интеграцияланған ақпараттық жүйесі (СӘАЖ) енгізілді.
Соның нәтижесінде онлайн төлемдерді өңдеу уақыты 15 минуттан 1 минутқа дейін, ал құжаттарды өңдеу мерзімі 1 сағаттан 1 минутқа дейін қысқарды.
Цифрлық экожүйенің маңызды элементтерінің бірі 78 мемлекеттік және сыртқы дереккөзден мәліметтерді жинақтайтын Smart Data Finance платформасы болды. Big Data негізінде бюджеттік кірістерді болжау құралдары енгізілуде, тәуекелдерді басқару жүйесі жетілдірілуде және басқарушылық шешімдер қабылдауға арналған талдамалық құралдар дамытылуда.
Баға қалыптастырудың ашықтығын арттыру және бюджеттік жоспарлаудың тиімділігін қамтамасыз ету мақсатында Министрлік Ұлттық тауарлар каталогын және Бағалар деректер базасын дамытуда. Бүгінде Ұлттық каталогта 26,5 миллионнан астам тауар позициясы қамтылған. Ал маркет-талдау жүйесінің деректерін пайдалану жылсайын бюджет қаражатын 200 млрд теңгеге дейін үнемдеуді болжауға мүмкіндік береді.
Кедендік әкімшілендіруді цифрландыру жұмыстары да жалғасуда. Keden ақпараттық жүйесі бұрын қолданылған ASTANA-1, «Бірыңғай терезе» және ТААЖ жүйелерін біріктіріп, рәсімдерді автоматтандыруды және кедендік операцияларды өткізу мерзімдерін қысқартуды қамтамасыз етеді.
Мемлекеттік қаржының шығыс бөлігінде мемлекеттік ұйымдар арасында мүлікті электрондық түрде беруді қамтамасыз ететін Tapsyru мемлекеттік мүлік маркетплейсі іске асырылды. Жүйе іске қосылғаннан бері оның көмегімен құны 232 млрд теңгеден асатын 34 мыңнан астам объект берілді.
Кәсіпкерлер үшін «бір терезе» қағидаты бойынша Қаржы министрлігінің сервистерін біріктіретін Кәсіпкердің бірыңғай жеке кабинеті дамытылуда. Болашақта платформа функционалы есептілікті автоматты түрде толтыруға, тәуекелдерді талдауға және дербестендірілген ұсынымдар беруге арналған жасанды интеллект шешімдерімен толықтырылады.
Бюджет қаражатының пайдаланылу ашықтығын арттыру, оларды пайдалануды бақылауды күшейту және нысаналы жұмсалуын қамтамасыз ету мақсатында цифрлық теңге енгізілуде. Бүгінгі күніайналымға шамамен 339 млрд цифрлық теңге шығарылды, мемлекеттік сатып алу, инфрақұрылымдық жобалар, субсидиялау жәнесалықтық әкімшілендіру салаларында 20-дан астампилоттық жоба іске асырылды.
Сондай-ақ Қаржы министрлігі мемлекеттік аудиттің бірыңғай цифрлық экожүйесі – SMART AUDIT QAZAQSTAN платформасын құру жұмыстарын жүргізуде. Бұл жүйе Big Data және жасанды интеллект технологиялары негізінде бұзушылықтарды анықтаудан олардың алдын алуға көшуге мүмкіндік береді.
Кешенді цифрлық трансформация мемлекеттік қаржының бірыңғай экожүйесін қалыптастырып, бюджеттік процестердің ашықтығын қамтамасыз етуге, мемлекеттік қаражатты пайдалану тиімділігін арттыруға және азаматтар мен бизнес үшін жаңа мүмкіндіктер жасауға бағытталған.