Мемлекеттік мүлік және жекешелендіру комитеті: мемлекеттік активтерден бюджетке 193,2 млрд теңге кіріс түсті

Мемлекеттік мүлік және жекешелендіру комитеті: мемлекеттік активтерден бюджетке 193,2 млрд теңге кіріс түсті

Орталық коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифинг барысында Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Мемлекеттік мүлік және жекешелендіру комитетінің төрағасы 2025 жылғы жұмыс қорытындыларын таныстырды.

Жыл қорытындысы бойынша республикалық бюджетке мемлекеттік активтерді басқарудан 193,2 млрд теңге кіріс түсті. Оның ішінде мемлекеттік акциялар пакеттері бойынша дивидендтер, қатысу үлестерінен түскен кірістер және мемлекеттік кәсіпорындардың таза табысының бір бөлігі бар.

Негізгі нәтижелердің бірі – 2021–2025 жылдарға арналған Жекешелендірудің кешенді жоспарының аяқталуы болды. Бәсекелестік ортаға мемлекеттік меншік пен квазимемлекеттік сектордың 402 объектісі 977,2 млрд теңге сомасына берілді, тағы 68 объект қайта ұйымдастыруға және таратуға жіберілді. Ең ірі мәмілелер қатарында жалпы сомасы шамамен 187 млрд теңгені құраған «ҚазМұнайГаз», «Эйр Астана» және KEGOC ұлттық компанияларының IPO лары бар.

2026 жылдан бастап мемлекеттің экономикадағы үлесін одан әрі қысқартуды көздейтін 2026–2030 жылдарға арналған жаңа Оңтайландыру жоспары іске асырылуда. Жоспар мемлекеттік меншік пен квазимемлекеттік сектордың 500 объектісін қамтиды. Бүгінгі күні 42 объект бойынша іс-шаралар орындалды.

Мемлекетке қайтарылған активтерді басқару жұмыстары жалғасуда. Арнаулы мемлекеттік қорға түскен қаражаттың жалпы көлемі 593,2 млрд теңгеге жетті. Осы қаражат есебінен еліміз бойынша денсаулық сақтау, білім беру, сумен жабдықтау, спорт, көлік және энергетика салаларындағы жалпы сомасы 553,7 млрд теңгені құрайтын 483 әлеуметтік және инфрақұрылымдық жоба қаржыландырылды.

Мемлекеттік мүлікті басқару процестерін цифрландыру маңызды бағыттардың бірі болып қала береді. Жекешелендірудің барлық рәсімдері 54 мемлекеттік ақпараттық жүйемен интеграцияланған және 368 мыңнан астам пайдаланушысы бар «Мемлекеттік мүлік тізілімі» ақпараттық жүйесі арқылы ашық электрондық сауда форматында өткізіледі.


2026 жылы Комитет Оңтайландыру жоспарын іске асыруды, процестерді цифрлық трансформациялауды және мемлекеттік активтерді басқару тиімділігін арттыруды жалғастырады.