9 трлн теңгеден астам қаражат әлеуметтік салаға бағытталды: 2025 жылғы бюджеттің орындалуы жайлы

9 трлн теңгеден астам қаражат әлеуметтік салаға бағытталды: 2025 жылғы бюджеттің орындалуы жайлы

Былтыр Қазақстан Үкіметі мемлекет алдында тұрған барлық әлеуметтік міндеттемені орындап шықты. Айталық, әлеуметтік саланы дамытуға 9,3 трлн теңге бағытталса, өңірлерді қолдауға 7,7 трлн теңге жұмсалды. Аталған бюджет қаражаты білім беру мен денсаулық сақтау саласының нысандарын салуға, тұрғын үй мен инженерлік инфрақұрылымды дамытуға, сондай-ақ өңірлердегі көлік жүйесінің қолжетімділігін арттыруға аударылды.

ҚР Парламенті Мәжілісінің жалпы отырысына қатысқан Қаржы министрі Мәди Такиев депутаттардың назарына еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуы мен 2025 жылғы республикалық бюджеттің атқарылуына байланысты негізгі нәтижелерді ұсынды.

Мәселен, жыл қорытындысына сәйкес Қазақстан экономикасы 6,5% артқан. Орташа айлық жалақы 442 мың теңгеге жетіп, жұмыссыздық деңгейі 4,6% деңгейінде сақталды, Ал Ұлттық қордың активтері 73,8 млрд долларға жеткен.

Республикалық бюджеттің меншікті кірісі былтырғымен салыстырғанда 17,5% ұлғайып, 15,3 трлн теңге болған. Бұл өсімге экономикалық белсенділіктің артуы, корпоративті табыс салығы мен қосылған құн салығы түсімдерінің ұлғаюы, сондай-ақ салықты басқаруды жетілдіруге бағытталған жұмыс әсер еткен.

Есепті жылы мемлекеттің әлеуметтік міндеттемелерін орындауға ерекше көңіл бөлінді. Ұлттық жобалар аясында 198 мектеп пен 655 денсаулық сақтау нысанының құрылысы аяқталды. Студенттерге 10 мыңнан астам орынға шақталған 30 жатақхана пайдалануға берілді.

Азаматтарды баспанамен қамтамасыз ету жөніндегі шаралар жалғасын тапты. Атап айтқанда, елімізде 20,1 млн шаршы метр тұрғын үй пайдалануға беріліп, сонымен бірге халықтың әлеуметтік осал топтары үшін 5 141 баспана сатып алынды.

Бұдан бөлек айтарлықтай қаражат инженерлік және коммуналды инфрақұрылымды дамытуға жұмсалды. Мысалы, 6,3 мың шақырым сумен жабдықтау және су бұру желілері салынып, жөнделді. Сол секілді 980 шақырым инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылым салынды.

Жол жұмыстарының барлық түрімен 13 мың шақырымға жуық автомобиль жолдары қамтылды. Әлеуметтік маңызы бар бағыттарға мемлекеттік қолдау көрсету жалғастырылды: 62 теміржол және 26 әуе маршруты субсидияланды.

Министр айтқандай, Үкімет бюджет саясатында қаражатты игеру деңгейінен бөлек, азаматтарға нақты нәтиже беретін өлшемдер бойынша бағалауға басымдық беріп отыр. Басты назар – халықтың өмір сүру сапасын арттыруға, инфрақұрылымды дамытуға және еліміздің орнықты әлеуметтік-экономикалық өсімін қамтамасыз етуге аударылған.