Мәди Такиев ХВҚ-ның Қазақстан бойынша жаңа миссия басшысымен кездесу өткізді

Мәди Такиев ХВҚ-ның Қазақстан бойынша жаңа миссия басшысымен кездесу өткізді

Астана қ., ҚР ҚМ, 2026 жылғы 9 маусым. Қазақстан Республикасының Қаржы министрі Мәди Такиев Халықаралық валюта қорының (ХВҚ) Қазақстан бойынша жаңа миссия басшысы Амина Ларешпен, аға экономист Дина Хэнмен және басқа да сарапшылармен кездесу өткізді.

Мәди Такиев ХВҚ Келісім баптары шеңберіндегі тұрақты миссияларды, мақсатты консультациялар мен техникалық көмекті ұйымдастырып отырғаны үшін алғысын білдірді.

Кездесу Цифрлық үкіметті қолдау орталығының алаңында өтіп, елдің әлеуметтік-экономикалық дамуының өзекті мәселелерін, мемлекеттік қаржының ағымдағы атқарылуын, сондай-ақ Қазақстан мен Халықаралық валюта қоры арасындағы ынтымақтастықты одан әрі нығайту бағыттарын талқылауға арналды.

Іс-шара барысында Қазақстан Республикасы Қаржы вице-министрі Әсет Тұрысов мемлекеттік басқаруды цифрлық трансформациялау және бюджеттік үдерістерді цифрландыру бойынша елімізде іске асырылып жатқан бастамалар туралы таныстырылым жасады. Мемлекеттік қаржы саласына заманауи цифрлық шешімдерді енгізуге, сондай-ақ басқарушылық шешімдер қабылдауға арналған талдамалық құралдарды дамытуға ерекше назар аударылды.

ХВҚ миссиясының басшысы мемлекеттік секторды цифрлық трансформациялау және мемлекеттік қаржыны басқару салаларындағы Қазақстанның жетістіктерін атап өтті.

Кездесу қорытындысы бойынша тараптар орнықты экономикалық өсуді қамтамасыз ету және мемлекеттік басқарудың тиімділігін арттыру мақсатында өзара іс-қимылды жалғастыруға және тәжірибе алмасуға дайын екендіктерін растады.