Еуропалық қайта құру және даму банкінің Басқарушылар кеңесінің жыл сайынғы отырысы

Еуропалық қайта құру және даму банкінің  Басқарушылар кеңесінің жыл сайынғы отырысы

2026 жылғы 5–6 маусымда Рига қаласында Қазақстан Республикасының Қаржы вице-министрі, Еуропалық қайта құру және даму банкінің (бұдан әрі – ЕҚДБ) Басқарушылар кеңесіндегі Қазақстан атынан Баламалы басқарушы Дәурен Кеңбеил бастаған қазақстандық делегация ЕҚДБ Басқарушылар кеңесінің жыл сайынғы отырысы мен Бизнес-форумына қатысты.

Іс-шара аясында Қаржы вице-министрі Д. Кеңбеилдің, Ұлттық экономика вице-министрі А. Дарбаевтың және «Қазақстанның Даму Банкі» АҚ Басқарма төрағасы М. Елібаевтың қатысуымен «Қазақстанның жаңа инвестициялық циклі» тақырыбында Қазақстан бойынша инвестициялық сессия өтті.

Д. Кеңбеил өз баяндамасында мемлекеттік борышты басқару саясаты, Қазақстанның қор нарығына шетелдік қатысушыларды тарту тетіктері, сондай-ақ жүргізіліп жатқан бюджет-салық саясатының негізгі басымдықтары туралы айтты.

Сессияға трансұлттық корпорациялардың, халықаралық қаржы институттары мен банктердің өкілдері, экономика, инвестициялар, қаржы және технологиялар саласындағы сарапшыларды қоса алғанда, 200-ден астам қатысушы қатысты.

Жыл сайынғы отырыс алаңында ЕҚДБ-ның Орталық Азия және Моңғолия бойынша басқарушы директоры Хусейн Өзханмен, Австрия/Израиль/Кипр/Мальта/Қазақстан/Босния және Герцеговина бойынша директоры Элизабет Вихтуммен, сондай-ақ ЕҚДБ-ның Еуразия елдері бойынша инфрақұрылым департаментінің директоры Екатерина Мирошникпен екіжақты кездесулер өтті. Кездесулер барысында сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастықты одан әрі дамыту мәселелері талқыланды.

Кездесулер қорытындысы бойынша Қазақстан Республикасы Үкіметі мен ЕҚДБ арасындағы Қазақстан Республикасының орнықты дамуы мен экономикалық өсіміне жәрдемдесуге бағытталған ынтымақтастықты кеңейту жөніндегі Негіздемелік әріптестік туралы келісімге, сондай-ақ 2013 жылғы 1 шілдедегі Техникалық ынтымақтастық бағдарламасы шеңберіндегі Қазақстан Республикасы Үкіметі мен ЕҚДБ арасындағы техникалық ынтымақтастық шоты туралы келісімге Қосымша келісімге қол қойылды.

Аталған құжаттар жобаларды қаржыландыру, техникалық көмек көрсету, талдамалық зерттеулер жүргізу, мемлекеттік органдардың институционалдық әлеуетін нығайту, озық халықаралық тәжірибені енгізу, сондай-ақ инфрақұрылымды дамытуға, цифрландыруға, жеке сектор мен «жасыл» экономиканы қолдауға жәрдемдесу арқылы құрылымдық реформалар мен мемлекеттік саясаттың басым бағыттарын іске асыруды қолдауды көздейді. Бұл шаралар ұлттық экономиканың бәсекеге қабілеттілігін арттыруға және халықтың өмір сүру сапасын жақсартуға ықпал етеді.