
Қазақстан Республикасы Қаржы министрінің бұйрығымен Нұрмахан Әділбеков ҚР Қаржы министрлігі Мемлекеттік мүлік және жекешелендіру комитетінің төрағасы болып тағайындалды. Жаңа басшыны ұжымға ҚР Қаржы министрлігінің Аппарат басшысы Эрнар Ержанов таныстырды.
Нұрмахан Әбілқасымұлы 1973 жылы Оңтүстік Қазақстан облысында дүниеге келген. Ол Қазақ мемлекеттік басқару академиясы мен Қазақ гуманитарлық-заң университетін тәмамдап шыққан.
Еңбек жолын 1994 жылы бастаған Н.Әділбековтің кәсіби мансабының едәуір бөлігі Қаржы министрлігінде, оның ішінде Мемлекеттік мүлік және жекешелендіру комитетінің жүйесінде өткен. Айталық, әр жылдары комитет пен оның аумақтық бөлімшелерінде басшылық қызмет атқарып, сондай-ақ Ақпараттық-есепке алу орталығында жұмыс істеген.
2024-2026 жылдар аралығында Мемлекеттік мүлік және жекешелендіру комитеті төрағасының орынбасары болып еңбек етті.
«Құрмет» ордені, сондай-ақ бірқатар мемлекеттік және ведомстволық награданың иегері.