
Қазақстан Республикасының Қаржы министрлігі еліміздің ЕАЭО органдарына төрағалық ету аясында Астанада өтіп жатқан V Еуразиялық экономикалық форумға қатысып жатыр.
Биылғы форум – Еуразиялық экономикалық одақ елдерінде цифрлы технологиялар мен жасанды интеллектіні дамытуға арналды. ЕЭФ-2026 архитектурасы экономиканы цифрлы трансформациялауға, сервистерді интеграциялауға және еуразиялық ынтымақтастықты дамытуға бағытталған бірнеше тақырыпқа біріктірілген 30-ға жуық іс-шараны қамтиды.
ҚР Қаржы вице-министрі Ержан Біржанов ЕАЭО елдерінде цифрлы сауда мен кеден қызметін басқаруды дамытуға бағытталған сессияларға қатысып, еліміздің тәжірибесі жөнінде айтып берді. Атап айтқанда, көпшілікке Қазақстанның қаржы мен сауда саласындағы цифрлы инфрақұрылымды дамытудағы тәсілдері, сондай-ақ бизнес пен мемлекеттің өзара іс-қимылын жеңілдетуге бағытталған озық құралдар таныстырылды.
Бұған қоса электронды шот-фактуралардың ақпараттық жүйесі мен тауарларды бақылау тетіктерін дамытуға ерекше назар аударылды. Бүгінде бұл жүйеде 1,7 млрд астам электронды шот-фактура мен ЕАЭО-ға мүше мемлекеттердің өзара саудасы аясындағы құжаттарды қоса алғанда, тауарларға арналған 96 млн жуық ілеспе жүкқұжат рәсімделді.
Кеден саласын басқаруды талқылау аясында сыртқы өткізу пункттеріндегі цифрлы инфрақұрылымды жаңғырту нәтижелері ұсынылып, бұл өткізу қабілетін едәуір арттыру мен сыртқы экономикалық қызмет қатысушыларына тиісті рәсімдерден жылдам өтуге мүмкіндік бергені туралы айтылды.
ҚР Қаржы министрлігі Мемлекеттік сатып алу және квазимемлекеттік сектордың сатып алу заңнамасы департаментінің директоры Ерлан Сеитов ЕАЭО елдерінде мемлекеттік сатып алуды цифрландыруға арналған сессияның модераторы болды. Қатысушылар сатып алу жүйелерін дамыту, рәсімдердің ашықтығын арттыру мен мемлекет пен бизнес арасындағы өзара іс-қимылдың заманауи цифрлы тетіктерін құру жолдарын талқылады.
ҚР Қаржы министрлігінің Еуразиялық экономикалық форумға қатысуы интеграциялық ынтымақтастықты нығайтуға, тәжірибе алысып, мемлекеттік қаржы жүйесі, кеден саласын басқару мен сатып алу процестерінде заманауи цифрлы шешімдерді ілгерілетуге бағытталған.