
ҚР Қаржы министрлігі жанындағы қоғамдық кеңестің кезекті отырысында апелляциялық бөлімшелердің қызметі мен «Қазақстан Республикасындағы бағалау қызметі туралы» ҚР Заңына өзгерістер мен толықтыруларды жетілдіру мәселелері пысықталды. Отырысқа қоғамдық кеңестің төрағасы мен мүшелері, сондай-ақ министрлікке қарасты құрылымдық бөлімшелердің басшылары қатысты.
Оның барысында Ішкі мемлекеттік аудит апелляциясы департаментінің 2025 жылдағы қызмет нәтижелері қаралды. Айталық, былтыр 100 отырыс өткізіліп, камералды бақылауға байланысты 621 қарсылық және аудиторлық есептерге қатысты 139 қарсылық берілді.
Комиссия жұмысының басты назары аудит нысандарының өтініштері мен қарсы шағымдарды объективті және ашық қарауды қамтамасыз етуге, сондай-ақ сот дауларының санын азайтуға бағытталғанын айта кеткен орынды. Жыл қорытындысы бойынша даулы мәселелердің дені сотқа дейінгі кезеңде реттеліп, бұл 229 жағдайда жеке және заңды тұлғалардың құқықтарын қалпына келтіруге мүмкіндік берді.
Бұған қоса апелляциялық қарау процестерін цифрландыру, апелляциялық комиссияның құзыреттерін жетілдіру мен ішкі мемлекеттік аудиттің сапасын арттыру шаралары талқыланды.
Апелляциялық департамент директоры 2024-2025 және 2026 жылдың 1 тоқсанындағы салық және кеден дауларына қатысты жұмыс қорытындыларын таныстырды. Мәселен, ашықтықты нығайту мақсатында Қаржы министрлігінің ресми сайтында 1 116 шешім, сондай-ақ «Қазақстандағы салықтар» бизнес қауымдастығының интернет-ресурстарында, «Учет KZ», «Параграф» ақпараттық жүйесінде және Қазақстандық кеден брокерлері (өкілдері) қауымдастығында 732 шешім орналастырылды. Ал отырыстарда салық төлеушілердің 377 өкілі мен СЭҚ қатысушылары тікелей өздері болған.
Қолға алынған кешенді шаралар аясында мәмілелерді салықтық тексерулер үшін дәрменсіз деп тануға байланысты өлшемшарттардың тізбесі әзірленді. Бұдан басқа салық және кеден тексерулерін жүргізу кезінде жіберілген кемшіліктер үшін 35 лауазымды тұлға, оның ішінде тексеру жүргізген 19 маман, басқармалардың 5 басшысы және бөлімдердің 11 басшысы жауапқа тартылды. Одан бөлек заңнамадағы кереғарлықтың алдын алуды көздейтін ҚҚС қайтару ережелері мен тұтастай ҚҚС қайтару мәселелеріне қатысты Салық кодексіне енгізілген өзгерістер де қаралғанын атап өткен жөн.
Сонымен қатар «Бағалау қызметі туралы» ҚР Заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заң жобасы да таныстырылды. Заң жобасы кедергісіз, тәркілеусіз, шектеулерсіз, қосымша талаптар мен шарттарсыз қызметтердің бірыңғай нарығының жұмысын қамтамасыз ететін жалпы тәсілдер нормаларын имплементациялауға, сондай-ақ бағалау қызметі саласындағы заңнаманы одан әрі жетілдіруге бағытталған.
Маңызды құжат заңнаманы жақсартуға бағытталған құқық қолдану практикасына сәйкестендіруді қамтамасыз ететін нормаларды нақтылау мен оңтайландыру бөлігіндегі басқа да түзетулерді қамтиды.
Мүлікті бағалау жөніндегі қызметтердің бірыңғай нарығына байланысты түзетулерді қабылдау отандық бағалаушылардың халықаралық нарыққа шығуына, ЕАЭО-ға мүше мемлекеттердің кеңістігінде кәсіби қызмет мүмкіндіктерін кеңейтуге, сондай-ақ отандық мамандардың халықаралық деңгейде бәсекеге қабілеттілігін арттыруға жол ашады.