Бірыңғай сатып алу платформасын іске қосу туралы

Бірыңғай сатып алу платформасын іске қосу туралы

2025 жылғы қаңтардан бастап Қазақстан Республикасында сатып алынатын тауарлардың, жұмыстардың және көрсетілетін қызметтердің сапасын арттыруға, сатып алу рәсімдерін оңайлатуға, сондай-ақ саланы одан әрі цифрландыруға бағытталған «Мемлекеттік сатыпалу туралы» жаңа Заң қолданысқа енгізілді.

Негізгі жаңалықтардың бірі мемлекеттік сатып алудың және «Квазимемлекеттік сектордың жекелеген субъектілерінің сатып алуы туралы» Заңға сәйкес жүзеге асырылатын сатып алудың электрондық қызметтеріне бірыңғай қолжетімділік нүктесін ұсынатын мемлекеттік сатып алу саласындағы уәкілетті органның ақпараттық жүйесі Бірыңғай сатып алу платформасын құру болды.

«Мемлекеттік сатып алу туралы» Заңды іске асыру үшін мемлекеттік сатып алу веб-порталымен, сондай-ақ квазимемлекеттік сектор субъектілері мен «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ алаңдарымен (goszakup.gov.kz, mitwork.kz, zakup.sk.kz)интеграцияланған Бірыңғай сатып алу платформасы іске қосылды.

Реттелетін сатып алулар бойынша мәліметтерді талдау және шоғырландыру мақсатында, 2025 жылы мемлекеттік білім беру тапсырысы мен білім алушылардың тамақтануын сатып алу(goszakup.gov.kz) қызметтерінің рәсімдерін, дәрілік заттарды, медициналық бұйымдар мен көрсетілетін қызметтерді сатып алу порталын (fms.ecc.kz), медициналық ұйымдарға арналған сатып алу веб-порталын (med.ecc.kz), табиғи монополиялар субъектілерінің сатып алу алаңдарын (eurasiantech-tender.kz, caspytender.kz, zakup-besk.kz, etbemp.kz, ets-tender.kz, sic.kz, mp.kz, e-port.kz)  интеграциялау бойынша жұмыстар аяқталды.

Осымен, 2026 жылғы 28 сәуірдегі жағдай бойынша Бірыңғай сатып алу платформасында 46 793 пайдаланушы тіркелді.

Ағымдағы жылы жер қойнауын пайдаланушылардың сатып алу алаңымен (tizilim.gov.kz) интеграциялауды қоса алғанда, Бірыңғай сатып алу платформасының функционалдығын кеңейту жөніндегі іс-шаралар жоспарлануда.

Бұл шаралар «бір» терезе қағидаты бойынша барлық реттелетін сатып алуларға бірыңғай қолжетімділікті ұсыну арқылы пайдаланушылардың жұмысын жеңілдетуге бағытталған.

Жалпы алғанда, Бірыңғай сатып алу платформасын іске қосу Қазақстанның сатып алу жүйесін цифрлық трансформациялаудың маңызды кезеңі болып табылады. Жаңа модель рәсімдердің ашықтығын арттыруға, бәсекелестікті дамытуға және сатып алу процесінің барлық қатысушылары үшін заманауи, ашық және тиімді ортаны қалыптастыруға ықпал етеді.