ҚР Қаржы вице-министрі Дәурен Кеңбеилдің АҚШ-қа жасаған сапарының нәтижесі жөнінде

ҚР Қаржы вице-министрі Дәурен Кеңбеилдің АҚШ-қа жасаған сапарының нәтижесі жөнінде

Жуырда Қазақстанның Қаржы вице-министрі Дәурен Кеңбеил Вашингтон қаласында (АҚШ) болып, Халықаралық валюта қоры мен Дүниежүзілік банк тобының көктемгі кездесулеріне қатысып қайтты. Оның аясында халықаралық қаржы ұйымдары мен ірі инвестициялық компаниялардың өкілдерімен түрлі деңгейдегі бірқатар кездесу ұйымдастырылды.

Айталық, Дүниежүзілік банк тобының вице-президенті әрі қазынашысы Хорхе Фамилиармен, сондай-ақ Халықаралық қаржы корпорациясының өңірлік директоры Джон Гандольфомен өткен кездесуде екіжақты қаржылық әріптестікті нығайту мен Қазақстанда бірлескен жобаларды іске асыру мәселелері қаралды. Дүниежүзілік банктің экономикалық реформаларды қолдау мен нфрақұрылымды дамытудағы, сондай-ақ еліміздің макроэкономикалық және фискалды тұрақтылығын қамтамасыз етудегі маңызды рөлі атап өтілді.

Deutsche Bank, JP Morgan және Barclays диалог алаңдарында өткен халықаралық инвесторлармен болған келіссөздерде Дәурен Маратұлы қолға алынған экономикалық өзгерістер жайлы әрі Қазақстанның инвестициялық тартымдылығын арттыру мен займ (қарыз) саясаты бағытында іске асырылып жатқан жұмыстар жөнінде хабардар етті.

Қазақстанның қаржы құралдарын халықаралық нарық инфрақұрылымына интеграциялау мен мемлекеттік бағалы қағаздар клирингін қоса алғанда, қаржылық ынтымақтастықты тереңдету мәселелері Euroclear басшылығымен кездесуде пысықталды. Оның қорытындысы бойынша шетелдік қатысушылардың Қазақстан қор нарығына тікелей шығу (direct link) бойынша уағдаластыққа қол жеткізілді.

Ал Standard & Poor’s, Moody’s және Fitch Ratings жетекші халықаралық рейтингтік агенттіктерімен өткізілген кездесуде макроэкономикалық ахуал, іске асырылып жатқан қаржы-экономикалық саясат, сондай-ақ Қазақстанның егемен кредиттік рейтингін арттыру мәселелері талқыланды.

Бұдан бөлек Моңғолия Қаржы министрінің орынбасары Хулан Бат-Эрдэнэмен болған іскерлік әңгіменің барысында халықаралық қаржы нарықтарындағы қазіргі ахуал және көпжақты ынтымақтастық аясындағы әріптестікті кеңейтуді қоса алғанда, тараптар экономикалық қатынастарды дамыту мәселелері бойынша пікір алысты.

Тұтастай алғанда, екі жақ бірлескен жобаларды іске асырып, әріптестікті одан әрі дамытуға және өзара тиімді мақсаттарға қол жеткізуге мүдделі екендерін жеткізді.