
Таяуда Минск (Беларусь Республикасы) қаласында «Парад Ассамблеясы» атауымен дағдарысқа қарсы (арбитражды) басқарушыларды, мемлекеттік органдардың өкілдері мен төлем қабілетсіздігін реттеу саласындағы өзге де қатысушылардың басын қосқан дағдарысқа қарсы халықаралық конгресі болып өтті.
Маңызды жиынға еліміздің банкрот саласындағы уәкілетті органның өкілдері, сондай-ақ ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің құзырлы орган мамандары мен кәсіби сарапшылар қауымдастығы қатысты.
Конгрестің негізгі мақсаты – ұйымдарды қаржылық тұрғыда сауықтырудың заманауи тәсілдерін пысықтау, банкрот рәсімдерін жетілдіру, трансшекаралық банкрот тетіктерін дамыту мен төлем қабілетсіздігін реттеу процестеріне цифрлы технологияларды енгізу.
Арнайы сессияларда банкрот саласындағы заңнаманы үйлестіру, оның ішінде түрлі құқықтық кеңістіктің аясында активтері мен кредиторлары бар жағдайларда тиісті рәсімдерді бірізді түрде реттеуге бағытталған трансшекаралық банкрот жөніндегі үлгілі заңды әзірлеу мәселелері қаралды.
Сондай-ақ аталған бағытта цифрлы шешімдерді дамытуға ерекше мән берілді. Айталық, төлем қабілетсіздігі істерін электронды форматта жүргізу мен қажетті процедураларды қағазсыз рәсімдеуге көшу жолдары қарастырылып, бұл тиісті процестердің ашықтығын арттырып, әкімшілік жүктемені азайтуға септесетіні айтылды.
Алқалы басқосудың қорытындысы бойынша Беларусь тарапынан ұсынылған кәсіпорындарды санациялау мен қаржылық сауықтыру саласындағы тәжірибесі қаралып, оны ұлттық тәсілдерді жетілдіру кезінде одан әрі зерделеп, қолдану бойынша практикалық үлгі ретінде қарастырып көруге болатыны жөнінде атап өтілді.
Осы жиын төлем қабілетсіздігін реттеу саласындағы халықаралық өзара іс-қимылды нығайтып, бірыңғай тәсілдерді дамыту мен дағдарысқа қарсы басқару саласына озық шешімдерді енгізудің маңыздылығын көрсетті.