
Бас шаһарда Орталық Азияда аса маңызды минералдарды басқарудың ашықтығына арналған ЭЫДҰ семинары өткізілді. Жиынға ҚР Қаржы министрлігінің, тау-кен өндіруші компаниялардың, бизнес қауымдастықтардың, дипломатиялық корпустың, ҮЕҰ, кәсіподақтардың, ЭЫДҰ елшіліктерінің, сондай-ақ халықаралық серіктестер: Еуропалық одақ, ЕҚДБ, Азия даму банкі және Дүниежүзілік банктің өкілдері қатысты.
ҚР Қаржы вице-министрі Ержан Біржанов айтқандай, салық саясаты инвесторларға болжамды, ал мемлекет үшін әділ болуы керек. Қазақстан өндіру саласын дамытып, заманауи технологияларды енгізуге көмектесетін ұзақмерзімді салымдарға сенім артып отыр.
Қазір еліміз салықты басқару мен салықтан жалтаруға қарсы іс-қимыл саласында ЭЫДҰ-мен белсенді өзара ынтымақтастықты арттырып келеді. Вице-министр Ұлыбритания үкіметіне іс-шараны ұйымдастыруға атсалысқаны үшін, сондай-ақ ЭЫДҰ өкілдеріне сындарлы диалог пен тәжірибе алысуға қосқан үлесі үшін ризашылығын жеткізді.
Бұл ретте Салық саясаты орталығы мен ЭЫДҰ әкімшілігінің сарапшылары Қазақстанның трансфертті бағаны белгілеру бағытындағы шараларын жоғары бағалағанын айта кетейік. Аталған бағалау ЭЫДҰ-ның «Орталық Азияда аса маңызды минералдарды басқарудағы қауіпсіздік пен ашықтықты арттыру» материалына енді.
Қазақстан пайдалы ресурстардың негізгі әлеуетті өндірушілерінің бірі екенін ескерсек, ЭЫДҰ арадағы ынтымақтастық маңызды саланың ұзақмерзімді және орнықты дамуы үшін тиімді реттеу жүйесін құруға жол ашатынын атап өткен жөн.