Елімізде IFRS S1/S2 стандарттарын енгізуге арналған форум өткізілді

Елімізде IFRS S1/S2 стандарттарын енгізуге арналған форум өткізілді

Таяуда орнықты дамуға байланысты қаржы саласындағы ақпарат ашықтығының мәселелеріне арналған «IFRS S1/S2 енгізу: басқа елдердің тәжірибесі және практикалық қадамдар» тақырыбында форум болып өтті.

IFRS S1 және IFRS S2 стандарттарын жаһандық деңгейде қолданудың ауқымы аясында орнықты даму бағытындағы ақпарат ашықтығын қамтамасыз ету бүгінде тиімді қаржы нарықтарын қалыптастырудың маңызды элементіне айналып отыр. Форумға жиналған сала өкілдері жаңа талаптарға дұрыс бейімделу үшін реттеуші органдар мен қаржы институттары әрі бизнес үйлесімді әрекет етіп, осы қадағалау тетігінен нақты нені күтіп отырғанын алдын ала түсініп алған дұрыс деп есептейді.

Бұл орайда былтыр желтоқсанда ҚР Қаржы министрлігі IFRS S1 және IFRS S2 стандарттарына ауысатыны туралы хабарлағанын айта кетейік. Осыған байланысты форум барысында аталған стандарттарды бірізді және сенімді енгізу мәселесінде реттеуші органның рөліне ерекше назар аударылды.

Маңызды жиын реттеуші органдар, халықаралық қаржы ұйымдары, рейтингтік агенттіктер мен іскер орта арасындағы кәсіби диалог пен тәжірибе алысудың тиімді алаңына айналды. Талқылау аясында халықаралық тәжірибелер, негізгі сын-қатерлер мен орнықты қаржы стандарттарын енгізудің практикалық тәсілдері қаралды.

Форумға 200-ден астам адам жиналды.